10 желтоқсанға қараған түні Екібастұз жылу электр орталығында күлөткізгіш істемей қалған. Ақау бірнеше сағаттан соң жойылды, деп хабарлады станция әлеуметтік желідегі парақшасында.
"Ақаудың салдарынан екінші ыстық су қазандығы цехының су сорғы станциясын су басқан. Ыстық резервте тұрған екі қазандық іске қосылды" деп жазылған хабарламада.
Жексенбі таңертең ЖЭО жұмысшылары мен төтенше жағдай басқармасының қызметкерлері су сорғы станциясынан су тартып шығарып жатқаны хабарланды.
Станция өкілдерінің айтуынша, жексенбі күні таңертең станцияда жеті қазан агрегаты істеген, ыстық су қайнататын үш қазандық уақытша мазутпен істеген.
"Алдағы бірнеше сағатта сорғы станциясын іске қосу жұмыстары аяқталады, содан кейін көмірмен жұмыс істейтін ыстық су қазандықтары кестеге сай жұмыс істей бастайды" деп жазылған хабарламада.
Былтыр қарашада Екібастұз жылу электр орталығында ірі апат болып, 30 градус аязда тұрғындар жылусыз қалған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Үкімет бір жыл бойы станцияларды жөндеуге ақша бөліп, олардың жұмысын қатаң бақылайтынын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Екібастұз, Риддер және күллі Қазақстан: қысқа дайындық қалай?Lada сайтының хабарлауынша, Ақтаудың бірнеше ықшамаудандарында құбырлар жарылып, жекелеген үйлер жылусыз қалған. Кейбір мектеп, бизнес-орталықтар, облыстық әкімдік ғимаратында жылу тоқтаған. Ақтау әкімі Ұлықбек Тінәлиев коммуналдық қызмет мамандары жексенбі кешке дейін апатты жоятынын хабарлаған. Ақтауда жексенбі күні ауа температурасы 0 градус.