7 жылға сотталған марафоншы, оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевты қолдап әлеуметтік желіде видео жариялаған Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны 56 жастағы Серік Ыдырышевқа кеше, 12 желтоқсанда полиция “тіркелмеген бірлестік қызметіне қатысу” бабы бойынша 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл (172 500 теңге немесе қазіргі бағаммен 377 доллар) салды. Бұл жөнінде сәрсенбі күні Азаттыққа белсендінің өзі хабарлады.
Серік Ыдырышев айыппен келіспейтінін айтып, хаттамаға қол қоймаған. Ол Азаттық тілшісіне адвокатымен бірге шешімге шағымданатынын айтты.
— Конституцияға сай, ой-пікірімді ашық жариялаймын. Заңсыз ештеңе істеген жоқпын. Айыппұл салу арқылы өзіме қысым көрсетіп отыр деп санаймын, — деді ол.
Белсенді қарашада әлеуметтік желідегі парақшасында Марат Жыланбаевтың соты жабық өткеніне наразы екенін, сот үкімімен келіспейтінін білдірген посттар қалдырған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар оқиғасы кезінде “ескертусіз оқ ату” туралы бұйрығын сынаған. Өзі Жыланбаев жетекшілік ететін тіркелмеген “Алға, Қазақстан!” партиясының мүшесі екенін айтады.
Белсендінің сөзінше, сейсенбі күні полиция үйіне келіп, түсініктеме алған. Одан соң айыппұл салған.
Қазақстанда бұған дейін де оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевты қолдағаны үшін бірқатар адамдар әкімшілік жазаға тартылған. Өткен аптада Астана соты қазан айында әділет министрлігі алдында қамаудағы белсенді Марат Жыланбаевты қолдап, акция өткізгені үшін құқық қорғаушы, белсенді Сергей Измайловты 15 тәулікке қамаған.
"Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының өкілдері партияны тіркеуге кемінде 20 рет талпынған, бірақ әділет министрлігі олардың өтініштерін қабылдамаған. Партияның жетекшісі Марат Жыланбаев жуырда жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Оған "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "экстремистік ұйымды қаржыландырды" деген айып тағылды. Оның соты жабық өтті. Жыланбаев пен жақтастары істің саясиланғанын айтқан. Бірнеше құқық қорғау ұйымы Жыланбаевқа шыққан үкімді айыптап, Астананы оны дереу босатуға шақырған.