Алматыда былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың туыстары жергілікті биліктен қанды қырғынның екі жылдығы қарсаңында марқұмдарға арнап еске алу асын өткізіп беруді талап етті. Бүгін, 13 желтоқсанда оқиға құрбандарының 10-нан аса туысы қала әкімдігіне барды.
Олардың сөзінше, Қаңтар оқиғасы – жеке адамдардың ғана емес, бүкіл халықтың қасіреті. “Сондықтан әкімдік жыл сайын еске алу шарасын өткізуге мұрындық болуыға тиіс” дейді жиналғандар.
– Балаларымыздан, туыстарымыздан айырылғанымызға екі жыл болады. Осыған орай әкімдік еске алу асын өткізсе дейміз. Бұл – осында келіп отырған 10 шақты адамның ғана талабы емес. Қаңтарда қаза тапқандардың туыстарының бәрі осыны сұрап отыр. Өйткені Қаңтар оқиғасы ұмытылмауы керек. Сондықтан құран бағыштап, бір сәт еске алса деген ниетіміз бар, – дейді Қаңтар қырғыны кезінде күйеуінен айырылған Әйгерім Ниязбаева.
Қаңтар қырғыны кезінде күйеуі қаза тапқан Әйгерім Ниязбаеваның сөзінше, былтыр оқиғаның бір жылдығы қарсаңында Алматы әкімдігі жыл сайын “еске алу асын өткізіп беруге уәде еткен”. Ол “әкімдік былтырғы уәдесін орындайды” деген үмітпен келіп отырмыз” деді.
Әкімдікке барған Қаңтар құрбандараның туыстарының қоғамдық даму басқармасының қызметкері Дәурен Дайырбаев қабылдады. Ол жиналғандарға бастапқыда “ас өткізу жоспарда жоқ” деген, кейін “ресми түрде өтініш жазыңыздар, бес күн ішінде жауап береміз” деді.
Марқұмдардың туыстары өтініш жазды. Қаңтар оқиғасы кезінде бауыранан айырылған Жұмакүл Ақбердиева “еске алу шарасын әкімдік біздің өтінішімізсіз-ақ ұйымдастыруы керек еді” деген пікірде.
– Ас ұйымдастырыңыздар десек, “бізде жоспарда жоқ” дейді. Сонда халықты қырып тастағанда жоспар құрады екен де, ал ас беріңіздер деп уәж айтып келсек, “ондай жоспар жоқ” дейді. Бұл – масқара. Әкімдік осыны өзі біліп-ақ ұйымдастыруы керек еді, – дейді Ақбердиева.
Биыл жыл басында Алматыда белсенділер Қаңтар оқиғасының бір жылдығы қарсаңында оқиға құрбандарын еске алу үшін Республика алаңына жиналған. Олар дүрбелең кезінде халыққа оқ атқандардың жазасыз қалғанын, қанды оқиғаның әділ тергелмей жатқанын айтқан. Сол күні алаңға Қаңтар құрбандарының туыстары жиналған. Әкімдік қызметкерлері құрбандарының туыстарын қаладағы мешіттерге алып, кетіп, сол жақта ас берілетінін хабарлаған.
2022 жылдың 2 қаңтарында Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылықтың соңы бірнеше қалада тәртіпсіздікке айналып, кемінде 238 адам қаза болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге террористер шабуыл жасағанын айтып, ескертусіз оқ атуға бұйрық берді.
Сарапшылар Қаңтар қырғынына екі жылға жуық уақыт болса да, негізгі сұрақтарға жауап берілмеді деп санайды. Құқық қорғаушылар адам өлімі бойынша қылмыстық істердің басым бөлігі тоқтатылғанын, азаптау шағымдарының басым бөлігінің қаралмағанын айтады. Ал билік “Қаңтар біржақты тергелді” деген сынмен келіспейді.