Жыл басынан бері әлем бойынша 45 журналист кәсіби міндетін атқару кезінде қаза болған. Бұл 2002 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш, деп жазылған "Шекарасыз тілшілер" құқық қорғау ұйымының жыл сайынғы есебінде.
Биыл журналистердің көбі (23 адам) әскери қимыл аймақтарында қаза болған. 17-сі Газа секторы, Израиль, Ливанда өлген. Украинада соғыс басталғалы бері 11 журналист опат болған, екеуі биыл қаза болған.
Кейінгі 20 жыл ішінде журналистер көп өлген жыл 2012 (144 адам) және 2013 жыл (143 адам) деп саналады. Ол уақытта Сирия мен Иракта қызу шайқастар жүріп жатқан. 2022 жылы 61 журналист өлді.
Қазір әлем бойынша 521 журналист кәсіби қызметіне байланысты түрмеде отыр. Көбі Қытайда (121), Мьянмада (68) және Беларусьте (39) қамауда отыр. "Шекарасыз тілшілер" ұйымының есебінше, Ресейде тергеу колонияларында 28 тілші бар.
Кейінгі мәлімет бойынша, әлем бойынша 84 журналист із-түзсіз жоғалған (7 жаңа жағдай биыл қосылды).