Халықаралық Human Right Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қырғызстанда мүгедек әйелдер мен қыздардың тұрмыстағы зорлық-зомбылығы туралы зерттеу жариялады.
Баяндама авторлары осы елдегі мүгедек әйелдер мен қыздар жақындарының зорлық-зомбылығына жиі ұшырайтынын атап өтті. Құқық қорғаушылар кейінгі жылдары билік отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресті, мүгедектердің құқықтарын қорғауды қолға алғанын мойындап отыр. Енді Қырғызстанға мүгедек әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау қажет.
HRW баяндамасында мүгедек әйелдер көрген қорлықты отбасы мүшелері көбіне жасырып қалатыны айтылған. Зерттеуде зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің сөзі де келтірілген.
"Мен отбасымда ешкім емеспін. Менің ақшамды туыстарым алып алады. Әлеуметтік карточкам баяғыдан бері олардың қолында. Біреуге қаһарын төгу қажет болса, ылғи мен кінәлі болып қаламын. Әдетте бастан ұрады, себебі ешкім байқамайды" дейді зерттеуге қатысқан ДЦП-ға шалдыққандардың бірі 23 жастағы әйел.
HRW ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Сыйнат Сұлтанәлиеваның айтуынша, Қырғызстандағы заңдар мүгедек әйелдер мен қыздардың мүгедектігін ескермейді, сол себепті олар жиі қорлық көреді.
HRW ұйымы Қырғызстан билігіне мүгедектерді тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан сақтайтын заң қабылдауға кеңес берді.
Қырғызстан еңбек және көші-қон министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылғы қаңтар-қазан айларында 10 мың 416 адам тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Олардың 95,7 пайызы – әйел.