15 желтоқсанда "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама тобы әділет министрлігіне барып, тіркеуге құжат тапсырды. Алғалықтар осымен 21-рет құжат тапсырып отыр. Бастама тобының өкілі Амангелді Жахиннің айтуынша, министрліктен хатшы құжаттарын қабылдап, бүгін кешкі сағат 17:00-ден кейін жауабын беретінін айтқан.
Министрлік ғимаратындағы "Адалдық" алаңында шағын жиын өткізген алғалықтар билік шынайы бәсекеге жол бермей отырғандығын, бас көтерген белсенділерді қудалап отырғанын айтты. "Бірақ біз тоқтамаймыз. Бізге тек көптің қолдауы керек. Олардың [бізді тіркеуден] басқа амалы қалмайды" деді Амангелді Жахин.
– 21-рет келдік. Құжаттарымызды тапсырып жатқанымызға 1,5 жылдан асып кетті. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Неге десеңіз, бұйрықты беріп отырған Тоқаевтың өзі деп санаймыз... [Құжаттарды] Қабылдап алды. Бір жақсы нәрсе адамдар [партияға] қосылып жатыр. 3100-ден астам адамның қолын әкелдік. Бәрі тірі. 1500-ден астамы құжатын көрсетіп, видео түсіріп жіберген. Тіркемесе осылайша келе береміз, – деді Амангелді Жахин.
Бұған дейін әділет министрлігі «Саяси партиялар туралы» заңның «саяси партияға мүше болуы» туралы 8-бабының талабы сақталмағаны, мүшелер арасында қайтыс болғандар бар екенін айтып партияны тіркеуден бас тартқан еді. Министрліктің жауабына бастамашыл топ сотқа шағымданғанымен, жеңіліп қалған. Билік "саяси себеппен партияны тіркемеді" деген белсенділер уәжін жоққа шығарады.
15 желтоқсанда тіркеуге өтініш тапсырғаннан кейін белсенділер министрлік маңында "Алға, Қазақстан", "Марат Жыланбаевқа бостандық!" деп айғайлады. Айналада полиция қызметкерлері оқиғаны бақылап тұрды. Өзін әкімдік өкілі ретінде таныстырған қызметкер оларға "бейбіт жиын өткізу заңнамасын" бұзбауды ескертті.
Ресми Астана "партия құру талаптарының жеңілдеді" дегенімен 2019 жылдан бері елде ("билікшіл" ұйымдардан басқа) бірде-бір тәуелсіз саяси партия тіркелген жоқ. Аталған бастама топ өкілдерінің белсенділері жиі қамалады. Бұған дейін бастама топтың өкілдері белсенділер Әсет Әбішев пен Айдар Сыздықов, Сергей Измайлов Астанада қамалған. Измайлов өздерін қамауды партияны тіркеуге өтініш тапсыру талпынысымен байланыстырған.
Жуырда "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев 7 жылға бостандығынан айырылды. Оған "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген айып тағылды. Белсенді мен жақтастары істің саясиланғанын айтқан. Билік елде саяси қудалау барын жоққа шығарады. Биыл жазда құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевты "саяси тұтқын" деп таныған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жыланбаевтың үкімі Қазақстанда саяси өзгерістердің жоқтығын көрсетті" - Халықаралық құқық қорғау ұйымдары