Қазақстанда пластик бөтелке, әйнек ыдыс, картон сияқты өңделетін қалдық түрлерін азық-түлікке алмастыратын алғашқы әлеуметтік дүкен Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылында биыл көктемде ашылған. Жоба авторы кәсіпкер Владислав Голярко мұнда қалдыққа қатысты халықтың пікірін өзгертуге тырысып жүр. Eco Kundelik-тің кезекті эпизодының қонағы әлеуметтік кәсіпкер Владислав Голярко.
Подкасты тыңдаңыз:
Your browser doesn’t support HTML5
Эпизодта айтылған негізгі ойларды ықшамдап беріп отырмыз.
Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тұрғыны Владислав Голярко халықтың қалдық сұрыптауға ынтасын оятып жүрген әлеуметтік кәсіпкер. Бірнеше жыл бұрын ол өзі тұратын ауылда кейбір тұрғын үй кешендеріне қалдықты бөлек жинайтын контейнерлер қойып, қалдық арқылы ақша табуға болатындығына халықтың көзін жеткізген. Егер бастапқыда ауылда түрлі контейнерлер қоятын алаңдар саны 4 болса, қазір 32-ге жеткен.
"БАСЫНДА ХАЛЫҚ ҚАЛДЫҚТЫ САТЫП АҚША ТАБУҒА БОЛАТЫНЫНА СЕНБЕДІ"
“Бәрі мынадан басталды: Бізде кейбір тұрғындар қалдықтарды жәшіктерге тастамай, жолда қалдырып кететін. “Біз қалдық тастағанымыз үшін ақша төлейміз, сол себепті қалдықты қалай тастағымыз келса, солай тастаймыз” деп түсіндіретін. Біз осы мәселені өзгерттік. Тұрғындарға “қалдықтарды бөлек-бөлек жинап, сатып жіберейік. Макулатураны бөлек, пластикті бөлек, әйнек пен металды бөлек жинайық” дедік. Басында осыны халыққа айтқан кезде “қоқысты қалай сатуға болады” деп ешкім сенген жоқ. Мен түсіндірдім. Кейбірі “мақұл” десті, кейбірі сенбей “өй, олар “жәшік сатып аламыз” деп біздің атымыздан несие рәсімдеп, соңында жоқ болып кетеді” десті...
2018 жылы менде “Истоки добра” деген қоғамдық бірлестігім болған. Сол ұйымның атынан өтініш тапсырдым. Грант беруші ұйымға “бізде осындай жоба бар, соны жүзеге асырғымыз келеді” дедім. Олар да бұл жобаға сенген жоқ. Алматыда “Арго” деген қор бар. 2019 жылы солар бізге грант берді. Сүйтіп, көп қабатты тұрғын үйлер маңындағы 4 алаңға контейнерлер орнаттық. Әр алаңда төрт контейнерден. Сол кезде бір кәсіпкерді таптым. Мен оған барып “жақын арада контейнерлер қоямын, менде осындай ұсыныс бар. Егер біз қалдықтарды бөлек жинайтын болсақ, бізден өңделетін қалдық түрлерін сатып аласың ба деп сұрадым. Ол “иә, мен дайынмын” деді. Сүйтіп, біздің жоба басталды. Төрт алаңға контейнерлер қойдық. Бір ай өткен соң кәсіпкер келді. Жиналған қалдықтарды өлшеп, жазып, бізде “домкомдар” бар. Оларға есебін өткізіп, тиісті ақшасын берді. Осыдан соң халықтың пікірі бірден өзгерді. Сосын өзге тұрғын үй кешеніндегі адамдар да келіп “бізге” де осындай контейнерлер қойыңдаршы” деді. Оларға да қойдық. Қазір осы ауылдың шамамен 10-15 пайызы осы жобаға тартылған. Ауыл бойынша 32 алаңда әрқайсысында төрт-төрттен контейнер бар” дейді Владислав Голярко.
ҚАЛДЫҚТЫ ЖИНАУ СХЕМАСЫ
Владислав Голярконың айтуынша, оның жобасындағы адамдар қазір жеке үйлерден де өңделетін қалдық түрлерін жинай бастаған. Олар тұрғындарға арнайы қап таратып, тұрғындар соған өңделетін қалдық түрлерін салып, қақпасының алдына қойып кетеді. Кейін жүргізушілер оларды жинап, өлшеп, сәйкесінше тұрғындардың Kaspi шоттарына ақша жіберіп отырады. Оның сөзінше, ауылда eco-cashback деген мобильді қосымша істейді. Осы қосымша арқылы тұрғындар үйлерінде жиналған қалдық көлемін суретке түсіріп, өтініш жібереді. Ертесінде қалдық қабылдаушы ұйымдар үйлерінен алып кетеді.
“Әзірге бұл қосымша тегін. Алайда болашақта бұл қосымшаны қалдық алғысы келетін ұйымдарға абоненттік төлем енгізсек деген ойымыз бар” дейді Владислав Голярко.
Оның сөзінше, өзге өңірлерден де жобаға қызығып, хабарласқандар бар.
“Осы уақыт аралығында бізге өзге қалалардан да кәсіпкерлер хабарласып жатыр. Орал, Ақтөбе, Алматы, Астана, Семей, Павлодар және өзге қалалардан. Біз оларға тегін кеңес беріп, өзіміздің схемамызбен бөлістік” дейді ол.
"БІР КИЛО ПЛАСТИК БӨТЕЛКЕГЕ ЕКІ НАН АЛУҒА БОЛАДЫ"
Елде пластик бөтелке, әйнек ыдыс, картон сияқты өңделетін қалдық түрлерін азық-түлікке алмастыратын алғашқы дүкен Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылында биыл көктемде ашылған. Жоба авторы кәсіпкер Владислав Голярко дүкеннің қалай ашылғанын баяндайды.
– Мемлекеттен субсидия тоқтаған кезде мынадай оқиға болды. Өңделетін қалдық түрлерін зауытқа апарсақ, бағалары арзандап кетті. Одан кейін амалсыз біз де халықтан қалдықты қабылдау бағасын төмен түсірдік. Көп адам ренжіп, “неге бұлай” деп біраз айқай болды. Біз жағдайды түсіндірдік. Балама жолдар іздедік. Зауыттар да бізге балама жол ұсынған. “Егер сендер бізден тауар алатын болсаңдар, онда біз сендерге сәл төмен бағамен береміз” деді. Біз сол кезде “жиналған заттардың жартысын сол тауарға алмастырайық және дүкендерге қояйық” дедім. Бізде мысалы, оңтүстікте қызанақ, қиярлар арзандау. Көп адам сонымен айналысады. Соларды да дүкенге қойдық. Ауылда көп адамдарда жұмыс жоқ, жағдай төмен. Сүйтіп, осындай идеяны жүзеге асырдық.
Біз халыққа “бізге макулатура, пластик әкеліңіздер, біз оны азық-түлікке алмастырып береміз, бізде ақшамен есептесуге болмайды” дедік. Бұл халыққа ұнады. Себебі бізде қалдық көп. Адамдар көшеде жатқан үш-төрт бөтелкені алып келіп, мысалы дәретхана қағазын алады. Ол да болса пайда. Далада жатқан қалдықты алып, дүкенге өткізіп, соны тауарға алмастыра алып жатыр. Халыққа да, экологияға да, кәсіпкерлерге де пайдалы. Мысалы, бір килограм пластик бөтелке (25 баклажка) өткізсең, екі бөлке нан аласың. Халықтың жобаға қызығушылығы көп” - дейді Владислав Голярко.
Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан, Spotify-дан тыңдай аласыздар.