Қазақстан киберқауіпсіздік маманы Никита Кислицынды Ресейге экстрадициялайды. 21 желтоқсанда Ресей бас прокуратурасы осылай деп мәлімдеді.
Ресей азаматы Никита Кислицин Интерпол өтінішімен Алматы әуежайында биыл 22 маусым күні ұсталған. Ол Ресейде киберқауіпсіздік саласында зерттеумен айналысатын компанияның қызметкері. Оны АҚШ-тың әділет министрлігі Formspring әлеуметтік желісінен ұрланған мәліметтерді сатты деп айыптаған. Кислицынға 2020 жылы жария түрде айып тағылып, Интерпол көмегімен іздеу жарияланған.
Ресей бас прокуратурасы 21 желтоқсан күнгі хабарламасында Кислицын өз елінде "заңмен қорғалған компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізу" және "Бопсалау" баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жазған. Ресейдің тергеу органдарының болжамынша, 2022 жылы қазанда Кислицын өзге адамдармен бірге "коммерциялық ұйымдардың біріндегі сервер деректеріне заңсыз қол жеткізіп, оларды көшірген, ұйымнан ақша бопсалаған".
"Жазаны атқару федералдық қызметіне айыпталушыны Ресейге жеткізу тапсырылды" деп жазылған Ресей бас прокуратурасының хабарламасында. Ведомствоның айтуынша, Ресей Кислицынды экстрадициялау туралы өтінішті Қазақстан жағына биыл маусымда берген.
Қазақстан билігі әзірге бұл ақпаратқа түсініктеме бермеді.
Биыл жазда Қазақстан бас прокуратурасы Ресей билігінің Кислицынды экстрадициялау туралы өтініші қаралып жатқанын мәлімдеген. Қазақстан билігінің айтуынша, Кислицынды беруді АҚШ та сұраған, алайда ресми түрде сұрау жібермеген.
Биыл жазда Кислицинның Қазақстанда ұсталғаны белгілі болғаннан кейін көп өтпей Мәскеудің Тверь аудандық соты оған «құпия ақпаратқа заңсыз қол жеткізді» деген айып тағып, сырттай қамау туралы шешім шығарды. Соны негіз етіп Алматыдағы Ресей консулдығы Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне Кислицинды Вашингтонға беруге асықпауын өтініп, нота жіберген.
Қазақстан бас прокуратурасы сол кезде екі елдің де Кислицинге таққан айыбы ұқсас – құпия ақпаратқа заңсыз қол жеткізу бабы. «Енді екі ел де Кислицинның қылмыс жасағанын дәлелдеуге тиіс. Оны қай елге жіберетінін Қазақстанның құқық қорғау органдары шешеді», - деген еді бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов биыл 29 маусымда.
Ақпаратқа қарағанда, Кислицын АҚШ-қа экстрадицияланған ресейлік хакер Евгений Никулиннің ісі бойынша куәгер ретінде өткен. Никулин 2016 жылы Прагада ұсталған. Америка соты оны киберқылмыс жасады деген айыппен жеті жылға соттаған.
Кислицин ресейлік хакерге қарсы куәлік беріп, ФБР-ге көмектескені үшін, оның ісі сотқа бармаған. Бірақ АҚШ тергеушілерінің күдігінше, Кислицин Ресейдің арнайы қызметімен де жұмыс істеуі мүмкін.
Шетелде ұсталған Ресей азаматына қарсы қылмыстық іс қозғау Ресей билігінің жиі қолданатын амал-әдісі, деп жазды BBC-дің Орыс қызметі. Медиалар «Мәскеу осылайша азаматын өзіне қайтарғысы келеді» деп сынға алған.
Кислицин 2006–2012 жылдары ақпарат қауіпсіздігі тақырыбын қозғайтын "Хакер" журналының бас редакторы қызметін атқарды. 2013 жылы Кислицин кибер қауіпсіздік бойынша Илья Сачков негізін қалаған Group-IB компаниясына жұмысқа тұрған.
26 шілдеде Мәскеу қалалық соты Илья Сачковты 14 жылға соттады.
Group-IB ( қазір F.A.C.T.T.) – компьютер қауіпсіздігі саласындағы компания. Оның клиенттері Сбербанк, "Тинькофф" және Альфа-Банк, "Ростех" секілді ірі компаниялар. Бұл компания арнайы қызмет пен Интерполға да кеңес береді.