Маңғыстауда 11 желтоқсаннан бері ереуілдеп жатқан West oil компаниясы жұмысшыларының бірінің денсаулығы нашарлап, ауруханаға түсті. Ереуілшілердің бірі Қонысбай Өтеповті 21 желтоқсанда кешке қарай жедел жәрдем көлігі әкеткен. Ауруханада оған система қойылған.
"Бір өлім аузынан қалдым, қан қысымым түсіп кетті. 50 ма, 60 па болды. Система қойды. Кеудем қысып ауырғанда жаным көзіме көрінді" деді Өтепов 21 желтоқсандағы аудиосында.
Наразылардың Азаттыққа айтуынша, Жетібайда жағдай өзгермеген. Айтуларынша, тағы бір адамның қан қысымы көтерілген. Жұмысшыда жөтел пайда болып, ауруханаға өзі барған. Ол қазір үйінде емделіп жатыр, деді ереуілшілердің бірі 22 желтоқсна таңертең Азаттыққа.
Мұнайшылар талап орындалғанша тұра беретінін мәлімдеді.
Маңғыстау облысында West Oil Software жұмысшыларының ереуілдеп тұрғанына 12 күн болды. Жұмысшылар West Oil компаниясын "ҚазМұнайГаздың" мердігері Oil Transport corporation (ОТК) балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап етеді. Бұған дейін ҚМГ олардың алғашқы екі талабын орындай алмайтындықтарын айтқан.
Бұған дейін мұнайшылар қысым күшейгенін де айтқан. Олардың кейбірі жұмыстан қуылған. Жергілікті сот ереуілді заңсыз деп таныған. Сот шешімімен келіспеген жұмысшылар сотқа қатыспағандарын айтқан.
Қарақия ауданы әкімдігі 20 желтоқсанда West Oil Software қызметкерлері "Қазмұнайгазбен" келіссөз жасаудан бас тартты" деп мәлімдеген еді. Ізінше West Oil Software мұнай-сервистік компаниясының жұмысшылары келіссөзден бас тартпағанын мәлімдеп, президент Тоқаевты мәселені шешуге араласуға үндеген.