"Бозащы Мұнай" компаниясы25 желтоқсанда Маңғыстау облысы Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнынан шыққан өрт жеті айдан кейін сөндірілгенін хабарлады. Бұл ақпаратты Қазақстанның отын-энергетикалық кешенінің ахуалдық-талдамалық орталығы телеграмда жазды.
Компания апаттан соң қалпына келтіру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп отыр.
Өрт 9 маусымда басталған, ұңғыманы бұрғылау кезінде 1000 метр тереңнен газ-су қоспасы атқылап, өртке ұласқан. Жер астынан шыққан жалынның биіктігі 10 метрге дейін жеткен.
Жоспар бойынша, бұл ұңғыма 1200 метр тереңдікке дейін қазылуы керек болған. Оңтүстік Қаратұрын кен орнында барлығы 20 мұнай-газ ұңғымасы бар.
"Бозащы Мұнай" бас директордың орынбасары Асылбек Ғабдуллин шілдеде тоқтату үшін жанып жатқан ұңғыманың жанынан көлденең бұрғылау жұмыстары басталғанын, бұрғылау жұмыстары сәтті аяқталса, өрт қыркүйек я қазан айында өшуі мүмкін екенін айтқан.
Кәсіпорын шілдеде өрт сөндіру жұмыстарына 300 млн теңгеден астам қаржы жұмсағанын мәлімдеген еді. Ал Маңғыстау облысы экология департаменті өрттің тұрғындарға зияны жоқ деген.
"Өрт болып жатқан жерден ауа сынамасы алынып тексерілді, тексеріс ең жақын орналасқан Шебір ауылы 35 шақырымда орналасқанына байланысты тұрғындарға теріс әсер етуі жоқ" деп мәлімдеген еді департамент.
Дегенмен облыстың экология департаментінің басшысы Руслан Тукенов өрт салдарынан қоршаған ортаға келген зиянның нақты көлемі өрт толық өшкеннен кейін белгілі болатынын айтқан.
Маңғыстау облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Әбубәкіров апаттың себеп-салдарын анықтау үшін тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген.