Қостанай облысында 114 елді мекенде екі күннен бері электр энергиясы жоқ. Бұл жөнінде Қостанай облысы әкімдігі хабарлады. Әзірге электр қуаты Қостанай қаласы мен Рудныйда ғана қалпына келтірілген.
26 желтоқсанда аймақта қатты боран соғып, 100-астам елді мекен электр энергиясыз қалғаны хабарланған еді. Лисаков қаласының орталығына орнатылған Жаңа жылдық шырша қалың қардың салмағына шыдамай құлаған.
"Ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс аумағында Амангелді, Алтынсарин, Денисов, Әулиекөл, Жітіқара, Меңдіқара, Наурызым, Сарыкөл, Бейімбет Майлин, Ұзынкөл, Қамысты, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Федоров аудандары мен Рудный, Қостанай қалаларының 114 елді мекенінде электр энергиясы жоқ. Қостанай және Рудный қалаларында электр қуаты қалпына келтірілді. Жұмыс жалғасып жатыр" деп жазылған әкімдік хабарламасында.
Ауа райын болжайтын мамандар облыстың басым бөлігінде қар, боран бүгін кешке дейін тоқтамайтынын айтып отыр. Жергілікті "Наша газета" басылымы Телеграм-арнасындағы Қостанай облысында бораннан түсірілген кейбір видеоларды жариялады.
Әкімдіктің хабарлауынша, облыс бойынша 257 жылыту пункті дайындалған. Кейбір елді мекендерде мектептер қашықтан оқуға көшкен.
Әкімдіктің айтынша, республикалық маңызы бар екі автожол жабық күйінде қалып отыр:
- М-36 "Екатеринбург-Алматы" 683-729 км (Сарыкөл ауылынан СҚО шекарасына дейін);
- А-21 "Мамлютка-Қостанай" 250-180 км (Ұзынкөл ауылынан СҚО шекарасына дейін).
Ал облыстық маңызы бар автожолдар ашық. Әкімдік азаматтарды ауа райы тұрақталғанға дейін жолға шықпауға үндеген.