4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың кеніші шахтасының маңында жер опырылып, ішінде жүргізуші мен үш құтқарушы бар автобус құлаған. Мұны Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"4 қаңтарда сағат 01.25 шамасында Павлодар облысының Баянауыл ауданында "Майкаинзолото" АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының жанында тазарту кеңістігіне 4 жолаушысы бар автобус құлады. Опырылған жердің ұзындығы 150-200 м, ені 500 м. тереңдігі 150 м." деп жазылған төтенше жағдай департаментінің хабарында.
Апат кезінде автобуста Республикалық кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі орталық штабының Павлодар облыстық бөлімшесінде жұмыс істейтін үш құтқарушы мен 1 жүргізуші болған. "Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ" дейді баспасөз қызметі.
Төтенше оқиғаға байланысты жедел штаб ұйымдастырылған. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың басшылығы оқиға орнына барған.
"Авариялық-құтқару жұмыстарына "Майкаинзолото" АҚ кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар бөлімшесінің, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, сондай-ақ ТЖ департаментінің құтқарушылары жұмылдырылды. Барлығы 44 адам,13 техника мен бір ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) қосылды" деп хабарлайды Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті.