Иранда 3 қаңтарда болған екі жарылысты ДАИШ ("Ислам мемлекеті") экстремистік тобы мойнына алды. Жарылыстан кемінде 84 адам қаза болған.
Жарылыс 4 жыл бұрын АҚШ-тың әуе соққысының нәтижесінде қаза тапқан иран әскери қолбасшысы Қасым Сүлейменді еске алу шарасы кезінде болған.
Телеграмдағы мәлімдемесінде аталған қарулы топ жиын кезінде екі жиһадшы "жарылғыш зат орнатылған жилетті іске қосқанын" жазған.
Иранның мемлекеттік IRNA ақпарат агенттігі төтенше медициналық жағдай жөніндегі ұлттық ұйымның жетекшісі Жапар Миадфарға сүйене отырып, елдің оңтүстік-шығысындағы Керман қаласында болған жарылыстан 84 адам қаза болғанын, 284 адам жараланғанын жазды.
Иран билігі 4 қаңтарды жарылыс құрбандарын еске алу күні деп жариялаған.
4 қаңтарда сәл ертерек Иран президентінің көмекшісі жарылысқа Израиль мен АҚШ-ты кінәлаған. АҚШ "жарылысты Тель-Авив немесе Вашингтон ұйымдастырды" деген айыптауды жоққа шығарды.
Жарылысты БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш айыптады. АҚШ-тың Иран бойынша арнайы уәкілінің орынбасары Азаттықтың Иран қызметі - Фарда радиосына АҚШ оқиғаның даму барысын бақылап отыр деп мәлімдеді.
Қасым Сүлейменді еске алу шарасына бұрын да көп адам жиналған. 2020 жылы оны жерлеу рәсіміне мыңдаған адам жиналып, жүрегі қысылған кемінде 56 адам қаза болған, 200 адам жарақаттанған.
2020 жылы АҚШ-тың Бағдаттағы арнайы операция барысында Иран ислам сақшылары корпусының арнайы элиталық бөлімі – «Құдыс күштерінің» қолбасшысы, генерал, Ирандағы ең ықпалды адамдардың бірі саналған Қасым Сүлеймен өлтірілген еді. Вашингтон Ирактағы АҚШ әскерінің бөлімдеріне Тегеран шабуыл жасады деп күдіктенген.