Қырғызстанның Шу облысындағы Молдованов ауылында орналасқан №31 колонияда белсенді Арыстанбек Әбілдаев дарға асылған күйі табылды. Бұл жөнінде адвокаты Кайсын Абакиров хабарлады.
Оның айтуынша, белсенді 5 қаңтарда камерада мерт болған. Мекеме өкілдері тергеудегі азаматты колонияға ауыстыратынын қорғаушыға ескертпеген. Адвокат бас прокуратурадан күдіктінің өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды сұрады.
Жұма күні Қырғызстан жазаны атқару қызметі белсендінің өліміне қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, Әбілдаев 5 қаңтарда №31 колониясындағы асханада дарға асулы күйі табылған.
Қырғызстан жазаны атқару қызметінің айтуынша, Әбілдаев психиатр-дәрігердің кеңесіне сәйкес, 28 желтоқсанда тергеу изоляторынан колонияға ауыстырылған. Дәрігерлер оған "анықталмаған психотикалық бұзылу, галлюцинация" деген диагноз қойған.
Ведомствоның айтуынша, 29 желтоқсанда Әбілдаев жүрек пен бас ауруына, құлағы шуылдайтынына шағымданған, тамақтан кейін асқазаны ауыратындығын айтқан. Медициналық тексерістен кейін Әбілдаевқа "анықталмаған психотикалық бұзылу, жүрек ауруы, қауіпті қан қысымы" деген диагноз қойылған. Оның денесінен ешқандай жарақат табылмаған. Күдіктінің неден өлгенін анықтау үшін сот медициналық сараптама тағайындалған.
Арнайы қызмет Арыстанбек Әбілдаевты 15 желтоқсанда «дін араздығын туғызды» деген күдікпен ұстаған. ҰҚМК оның әлеуметтік желілерде қалдырған жазбаларында «дін араздығын туғызуды көздейтін үндеулер» бар деп есептейді.
Қырғызстанда бірнеше рет президент сайлауына түскен Арыстанбек Әбілдаев 2011 жылы баспасөз жиынында ғаламдық жылынуды меңзеп "қыс болмайды" деп мәлімдеген. Оның бұл сөзі интернет-мемге айналған.