Апелляциялық сот "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Динара Смаилованы (Дина Таңсәрі) қамауға алу туралы шешімді өзгертпеді. Бұл жөнінде 5 қаңтарда кешке Динара Смаилова Facebook парақшасында жазды.
"Өте көп заңсыздық, кейінірек айтамын. 37 жыл келді" деп жазды ол.
"Қазақстан ІІМ мені ұстауға тырысып жатыр, бүкіл ел алдында заңсыздыққа барып білгенін істеп отыр, ал оларды ешкім тоқтатып жатқан жоқ. Бәрі бұрмаланған істің үнсіз қатысушыларына айналып жатыр... Жұрттың үрейі ұшқан, тіпті ержүрек деп айтып жүрген адамдардың өзі де... Түсінемін, қорқынышты, бірақ ертең олар сіздерге келеді" деп жазды сенбі күні таңертең Динара Смаилова.
Желтоқсан соңында Өскемен қалалық тергеу соты Динара Смаилованы екі айға қамауға рұқсат еткен.
Ол қазір отбасымен бірге шетелде тұрып жатыр. Адвокат Гүлнара Жуаспаева бұған дейін ақпарат құралдарына әзірге "оған экстрадиция қаупі" төнбегенін, себебі бұл "өте ұзақ процесс" екенін айтқан.
27 желтоқсанда Динара Смаиловаға Қазақстанда іздеу жарияланғаны хабарланды. ІІМ-нің хабарлауынша, Смаиловаға қарсы алты қылмыстық іс қозғалған, арасында "Алаяқтық" бабы да бар.
Қылмыстық іске Таңсәрінің әлеуметтік желіде жариялаған зорлық-зомбылық құрбандары туралы және зардап шеккендерге көмектесу үшін ақша жинауға шақырған жазбалары түрткі болған деп айтылады. Тергеу кей жазбадағы ақпаратты жалған деп отыр.
Смаилованың өзі Facebook парақшасында журналистерге, депутаттар мен құқық қорғаушыларға қайырылып, көмек сұрады.
"Әйелдер мен балаларды қорғау "қылмыс" екен. Көмектесу үшін ақша жинау – "баю амалы" екен, зорлық-зомбылық туралы жазу – "жалған ақпарат тарату" екен!" деп жазды ол.
Бұған дейін Таңсәрі "НеМолчи.kz" қорының банктегі есепшоты полиция шешімімен бұғатталғанын айтқан. Былтыр қарашада полиция "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Смаилова мен оның жолдасына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған. Екі жылдан астам уақыт бойы шетелде тұрып жатқан құқық қорғаушы сол кезде қорға ақша аударған қазақстандықтарды полиция тергеуге шақырып, алаяқтық туралы арыз жазуға көндіруге тырысып жатқанын жазған. Құқық қорғаушының пікірінше, билік өзін қаралап, елде жазасыз қалып жатқан, кеңінен етек алған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жөнінде айтқан қорды жапқысы келеді.