Соғысты сынаған ресейлік еріктілер украин босқындарына қалай көмектесті?

Украин босқындарына көмектесіп жүрген ресейлік ерікті Надин Гейслер.

Мәскеудің Украинаға қарсы басқыншылығын қолдамайтын ресейлік еріктілер оккупацияланған аймақтағы украиндерді құтқарып, оларға гуманитарлық көмек жеткізіп жатыр.

Бәрі телефон қоңырауынан басталды.

2022 жылы наурызда Ресей әскері Харьковке шабуыл жасағанда Надин Гейслерге Шығыс Украинада тұратын танысы хабарласып, досының анасын қаладан алып кетуге көмектесуді сұраған. Әйелдің қолында құжаттары мен иті ғана болған.

Ол кезде 28 жастағы фотограф Гейслер Украина шекарасына жақын Белгород қаласында тұратын.

– Шекарадан күтіп алып, үйіме тұрғызуға келістім, – дейді Гейслер Ресейден тыс жерде өткен сұхбатта. Азаттық қауіпсіздік мақсатында еріктінің қазіргі мекенжайын жарияламауға келісті.

Сол түні таңға дейін Гейслердің телефонына үздіксіз қоңыраулар түскен. Ертеңіне әпкесі екеуі танысы айтқан әйелден бөлек, тағы 14 босқынды күтіп алып, жалдамалы пәтеріне әкеліп жайғастырған. Үйлерінен бәріне орын табу үшін еденге жамылғы мен жылы жемпірлер төсеген. Өздері балконда ұйықтаған.

Бұл көмек Украинадан қашқан адамдарға қол ұшын созатын қоғамдық желінің бастауы болды. Гейслердің есебінше, қоғамдық желі 2000 украинге Ресейден пана тауып, Украинаның оккупацияланған аудандарында қалған мыңдаған адамға тамақ, дәретхана қағазы мен дәрі-дәрмек жеткізген.

Орыс тілінде сөйлейтін босқындар әуелі Ресейге барып, ондағы достары мен туыстарын уақытша паналап, шетелге қоныс аударуға ақша жинайды. Қазір олардың көбі Еуроодаққа көшкен немесе Украинаның бақылауындағы аудандарға оралған.

– Не өзіңді қолға алып, жұмысыңды жалғастырасың, не есіңнен адасасың, – дейді Гейслер.

"ҮЛКЕН РЕСУРСЫ БАР" ҚҰРЫЛЫМ

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Надин әпкесімен бірге Белгородта өткен соғысқа қарсы наразылық акциясына қатысқан: демонстранттар үстеріне Украина туымен түстес көк-сары киім киіп, көшедегі адамдарға гүл таратқан. Оларды полиция ұстап әкеткен.

Гейслерге әкімшілік құқықбұзушылық жасады деген айып тағылып, көп ұзамай босап шыққан.

Кейін әпкесі екеуі Ресейге өткен украиндерге көмектесе бастаған. Өзінің айтуынша, Гейслердің үйінде 100 шақты адам тұрған. Мыңға жуық босқынға жатақхана, пәтерлер мен гуманитарлық көмек қоймасынан орын тауып берген.

Ресейлік еріктілер әлеуметтік желі арқылы жұмыс істейді.

Санкт-Петербургтегі еріктілер қызметінің жетекшісі Егор Захаров соғыс жаңа басталған кезбен салыстырғанда, қазір еріктілер қызметі әлдеқайда кеңейіп, дамығанын айтады.

– Қазір бұл – үлкен ресурсы бар құрылымға айналды, – дейді ол.

Еріктілер оккупацияланған аймақтағы украиндерді Еуропаға немесе басқа елдерге көшіру үшін еуропалық ұйымдармен жұмыс істейді. Ресейлік еріктілер қатерлі ісіктің ауыр формасына шалдыққан әйелді Мариупольден Норвегияға жеткізген. Ол Еуропада хосписте көз жұмған.

Еріктілердің көбі жұмыстан қажып, жүйкесі жұқарып кетеді дейді Егор Захаров.

– Өлім аузындағы адамға 3000-4000 еуро (3300-4400 доллар) жұмсау экономикалық тұрғыдан қате шығар. Бірақ біз экономикамен айналыспаймыз, адамдарды құтқарамыз, – дейді Захаров.

Еріктілердің көбі жұмыстан қажып, жүйкесі жұқарып кетеді. "Әр отбасында шағын Гаага сотына жарайтын соғыс қылмысының хикаясы бар", – дейді Захаров.

Сондықтан кей еріктілер процеске тікелей араласпай, қаржылай көмек беріп отырады.

Осындай жолмен жиналған қаржы көмегімен, Гейслер Белгородтағы жатақхана мен гуманитарлық көмек қоймасына босқындарды жатқызу үшін айына 300 мың рубль (4300 доллар) төлеп отырған.

Қаржының қайдан және кімнен келіп жатқаны белгісіз. Еріктілер донорлар туралы ақпарат бермеді.

Гейслер халықтан жиналған қаржыға оккупацияланған аудандарға гуманитарлық көмек жеткізу үшін брондалған көлік сатып алған. Ресейлік шекарашылар ашық түсті көлікті украиндердің шабуылынан қорғау үшін жасыл түске бояуға кеңес берген. Кейін бұл көлікті ресейлік әскерилер тәркілеген.

Гейслер сондай-ақ Белгород облысынан үш қойма ашқан. Қоймадан ұзақ сақталатын азық-түлік, дәретхана қағазы, дәрі-дәрмек пен гигиеналық заттар жіберіледі.

Гейслер мен Захаров оккупацияланған аудандарға гуманитарлық көмек жеткізу үшін басында Z белгісі бар (Ресейдегі соғыс символы) автокөліктерді қолданған. Қазір мұндай көмек жеткізу қиын немесе тіпті, мүмкін емес.

2022 жылы көктемде Харьков облысы Казачья Лопань ауылындағы жергілікті билік ғимаратына жеткізілген гуманитарлық көмек жоғалып кеткен. Гейслер үкімет берген рұқсат қағазын пайдаланып, оккупацияланған аймаққа өзі барған.

– Гуманитарлық көмек ұрланып жатқанын естідік. Бұған оккупациялық билік кінәлі сияқты. Кей отбасылар 50 келі қаптан екі қаптама макарон мен шай ғана алғанын айтты.

Гейслер оккупацияланған аудандардан кеткісі келетін адамдардың тізімін жасаған. Осылай онымен бірге барған әйел еріктілер тобы Харьков, Донецк, Луганск облыстарының тұрғындарын эвакуациялаған.

ЕРІКТІЛЕРДІ ҚУДАЛАУ

Биліктің еріктілер қызметін қалай қадағалап отырғаны түсініксіз.

Ресей билігі соғысқа қарсы адамдарды "қарулы күштердің беделіне нұқсан келтірді" деген айыппен түрмеге жабады. Ресейдің Украинаға басып кіруі, соғыс барысы мен құрбандар саны туралы жалған ақпарат таратты деген сылтаумен қамалғандар да бар.

Бірақ босқындарға көмектесіп, гуманитарлық көмек ұйымдастырған еріктілер қызметіне тыйым салынған жоқ.

Қазір Гейслер (сол жақта) мен Захаров шетелде тұрады.

Бірақ әпкелі-сіңлілі Гейслерлер халықтан жиналған ақшасын ала алмай отыр. Сбербанк екеуінің де банк картасын бұғаттаған.

Гейслер Белгородтағы қоймаға барғанда белгісіз азамат "Картаның істен шығуы – Любянканың (Ресейдің ішкі барлау қызметінің штаб-пәтері орналасқан жер) сәлемі" деген.

– Өзіңді қаламайтын жерде қор болма, – деген ақпарат иесі.

Гейслер Казачья Лопаньға соңғы сапарларының бірінде тағы бір адамнан "Еріктілік қызметіңді тоқтатпасаң, өлесің" деген ескерту естіген.

Осыдан кейін Гейслер туыстарына жоғалып кетсе, қайда және кімге хабарласу керегін түсіндіріп, нұсқаулық таратқан.

Қарашада Белгородта тұратын 61 жастағы еріктіге қарт әйелді Украинадан Ресейге көшіргені үшін "мемлекетке сатқындық жасады", "заңсыз қару-жарақ сатты" деген айып тағылған.

ШЕТЕЛГЕ ҚАШУ

Қазір Гейслер мен Захаров шетелде тұрады.

2023 жылы мамырда Гейслер Ресейден кетемін деп шешкен. Бұған украин босқындарға 300 рубль (3,27 доллар) аударған әйелдің паспорттық бақылауда ұсталуы себеп болған. Гейслердің айтуынша, ұсталған әйелді Украинаның қарулы күштерін қолдайтын террористер мен экстремистерге көмектесті деген күдікпен тергеген.

Гейслер түрмеге түсуден қорқып, шашын қиып, түр-әлпетін өзгертуге тырысқан. Беларусь шекарасына дейін 11 сағат жүріп, бірнеше көлік ауыстырған.

– Беларусь шекарасынан өткенше, тынысым үзіліп кеткендей болды, – дейді ол.

Гейслер еріктілік қызметін шетелде жалғастырып жатыр. Надиннің пәтеріндегі плакатта "Эвакуация", "Ата-ана + бес мысық пен ит", "Оккупациядағы балалар. Дәрі-дәрмек, дақылдар, балалар тамағы, жөргек" деген жазулар бар. Мұның бәрі – алдағы жұмыс жоспары.

Гейслердің айтуынша, қазір қоғамдық желі қызметін қолдап, ақша аударатындар азайған. "Украиндерге көмектесіп жатқан адамдар саны күннен-күнге азайып келеді. Қол ұшын созғандар әскери-саяси қысым көреді", – дейді ерікті.

2022 жылғы 25 қыркүйекте – Ресей президенті ішінара мобилизация жариялағаннан кейін үш күннен соң, Захаровқа белгісіз біреулер хабарласып, қоқан-лоқы көрсеткен. Ол шетелге қашуға бел буған.

Захаровтың айтуынша, ресейлік күш құрылымдары елден кеткен еріктілердің отбасына қысым көрсетіп, олардың жетекшісі кім екенін анықтауға тырысады.

Ерікті мысығы мен үш шабадан киім-кешегін алып, Финляндия арқылы Ресейден кеткен. Қазір ол Еуроодақтан босқын мәртебесін сұраған.

"Басымды қатерге тіккім келмеді", – дейді ол.

Захаров та, Гейслер де, Ресейге оралғысы келмейді. Олар Путин билікте тұрғанда, елдің болашағы жоқ деп есептейді.

Гейслер Украинадан көмек сұрап хабарласқан адамдар үшін ғана Ресейде біраз уақытқа қалғанын айтады.

– Украиндерге көмектесу үшін Ресейде біраз уақыт тұруға тура келді. Шамам жеткенше шыдадым, – дейді ол.

Мақаланы Элизабет Оуэн "Север.Реалии" қызметінің тілшісі Антон Стариковтің хабарына сүйеніп жазған.