Қазақстан сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев кейінгі жарты жылда Қазақстандағы компаниялар Ресейге "қос мақсаттағы тауар жібермеді" деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, белгілі бір категориядағы тауарларды жеткізу көлемі азайған.
Шаққалиев бұл мәселе бойынша қаржы және өнеркәсіп министрлігінде арнайы комиссия жұмыс істейтінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан халықаралық міндеттемелерін тиісті деңгейде орындап отыр.
– Тауар айналымы болғанын жасырмаймыз, алайда Батыстағы серіктестеріміз бен интеграциялық бірлестіктер тізімді түзеп жатыр. Сондықтан экспорт бақылауына жататын өнімдер тізімі бізде де түзетіледі, – деді ол.
Дегенмен былтыр 7 желтоқсанда АҚШ сауда министрлігіне қарасты өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросы әлемнің 9 мемлекетіндегі 44 компанияны "жауапсыз ұйымдар" тізіміне енгізген, арасында қазақстандық Elem Group компаниясы да бар.
Азаттық маусым айындағы зерттеуінде, Elem Group Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше аптадан соң Қазақстанда тіркелгенін жазған. 2023 жылы қаңтардан бастап Elem Group ресейлік компанияларға электроника өнімдерінің кемінде 300 партиясын жеткізген. 273 партияда қос мақсатта пайдаланылуы мүмкін тауарлар болған.
Желтоқсанның соңында Қазақстан ұлттық экономика министрлігі Elem Group "сыртқы саудамен айналыспайды" деп мәлімдеген. Министрліктің айтуынша, "АҚШ сауда министрлігінің санкциясына ілінген компаниялар қызметін жалғастыра алады, тек америкалық контрагенттермен жұмыс істемейді" деген.
АҚШ қаржы министрлігінің шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы бұған дейін санкция тізімінде ресейлік екі банкке еншілес екі қазақстандық компания барын да атап өткен. Бірі санкция енгізілгеннен кейін де нарықта жұмысын тоқтатпаған. Қаржы нарығын реттеу жөніндегі агенттік аталған қаржы ұйымы теңге мен рубльмен істеп жатқанын айтқан.
Былтыр қарашада Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Астанаға келгенде журналистерге Қазақстан тарапынан жақсы өзгерістер байқала бастағанымен, Ресейге тауарлар реэкспорты әлі барын мәлімдеді.