Йемендегі хуситтердің қарулы тобы қателесіп Ресей мұнайын тиеген танкерді атқылаған. Оқиға 12 қаңтарда Йемен жағалауында болған. Бұл жөнінде теңіз күзеті бойынша қызмет көрсететін Ambrey компаниясы мәлімдеді.
Теңізде сауда операцияларын жасайтын британдық ұйым (UKMTO) Йеменнің Аден қаласының оңтүстік-шығысына қарай 90 миль қашықтықта ракета ұшырылғаны жөнінде баяндама түскенін хабарлады, деп жазды Reuters.
Ракета нысанадан шамамен 400-500 метр қашықтыққа теңізге құлаған. Ешкім зардап шекпеген.
Ambrey компаниясы баяндамасында хуситтер осымен екінші рет қателесіп, Ресей мұнайын тиеген танкерге соққы жасағанын жазды.
Иранды қолдайтын, Йеменнің басым бөлігін бақылауда ұстап отырған йемендік хуситтер 2023 жылдың 19 қарашасынан бері батыс елдерінің сауда кемелеріне жарылғыш зат қойылған дрондар жіберіп жатыр. Хуситтер қолбасшысы осылайша Газа секторындағы Израильдің әскери операциясына қарсылық білдіретінін айтқан.
АҚШ пен Ұлыбритания 12 қаңтарға қараған түні хуситтердің әскери нысандарын әуе және теңізден атқылады. Иранның одақтасы және аймақтағы араб елдерінің маңызды серіктесі Ресей батыс елдерінің Йемендегі нысандарға соққысын айыптап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде отырыс өткізуді талап етті.