Израиль мен ХАМАС соғысына 100 күн: Нетаньяху өзін "ешкім тоқтата алмайтынын" айтты

Газа секторы. 13 қаңтар 2024 жыл.

Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыстың жалғасып жатқанына 100 күн болды. Содырлардың қарулы тобын жоюды көздейтінін айтқан Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху оны "ешкім тоқтата алмайтынын" айтты.

Соғыстың салдарынан аймақта гуманитарлық дағдарыс туындады. Газада 23 мыңнан астам адам қаза болды, ал Палестина аумағының басым бөлігі жермен-жексен болды.

Иран қолдайтын хуситтер сенбі күні Қызыл теңізде Израильмен байланысты деп санайтын кемелерге жаңа соққы жасаған. Ал оларға АҚШ "жауап қайтарып" жатыр. АҚШ-тың орталық басқармасы Америка әскері хуситтерге соққы жасағанын хабарлады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хуситтер қателесіп Ресей мұнайын тиеген танкерді атқылаған

Газа секторында соғыс 7 қазанда басталған. Ол кезде ХАМАС содырлары Израильге шабуыл жасап, соның салдарынан AFP мәліметінше шамамен Израильде 1140 адам өлген. Басым бөлігі – бейбіт тұрғындар. ХАМАС Еуропа мен АҚШ-та террористік топ деп танылған.

ХАМАС шамамен 250 адамды кепілдікке алған. Израильдің мәліметінше, 132-і әлі Газа секторы аумағында. 25-і өлтірілген деп айтылады.

Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль шабуылының салдарынан елде кемінде 23 843 адам өлген, басым бөлігі – әйелдер мен балалар.

Халықаралық Гаага сотында осы аптада Израильді БҰҰ-ның геноцид туралы конвенциясын бұзғаны үшін айыптайтын аргументтер тыңдалды. Нетаньяху бірде бір сот немесе әскери қарсылас Израильді ХАМАС-ты жою мақсатынан тайдыра алмайды деді.

"Бізді ешкім де тоқтата алмайды – Гаага да, "Зұлымдық осі" (Ливан, Сирия, Ирак, Йемендегі Иранмен байланысты топтар) де, ешкім де" деді ол сенбі күнгі баспасөз жиынында.

Израильдің өз ішінде Нетаньяхуға қысым күшейген: Израиль тұрғындары Газа секторында жүз күн бойы кепілдікте отырған азаматтарды үйлеріне қайтаруды талап етіп отыр. Тель-Авивте күн сайын мың адам көшеге шығып жатыр.

"Барлық адам тұтқыннан босағанша келе береміз" деді AFP агентігіне 47 жастағы Эдан Бегерано.

Израиль әскері Газа секторын қоршағаннан кейін азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, отын тапшылығын туындады.