Өзбекстан омбудсмені Феруза Эшматова Ресей омбудсмені Татьяна Москальковаға қайырылып, Екатеринбургтегі еңбек мигранттары мәселесін көтерді. Бұл туралы омбудсменнің баспасөз қызметі хабарлады.
Омбудсмен әріптесінен Ресейде жұмыс істейтін өзбек азаматтарының еңбек құқықтарын қамтамасыз етуді сұраған.
17 қаңтарда Екатеринбург қаласында құрылыс алаңдарының бірінде еңбек мигранттарына қарсы рейд ұйымдастырылған. 150 адам тексерілген. Сегіз адамның көші-қон заңдарын бұзғаны анықталған. Әскери есепке тұрмаған төрт ер азаматқа әскери комиссариатқа шақырту тапсырылған.
Интернетте жарияланған суреттер мен видеоларға қарағанда, күш құрылымдарының өкілдері еңбек мигранттарын қарлы құрылыс алаңында жер бауырлап жүруге мәжбүрлеген.
Еңбек мигранттары арасында қанша өзбек азаматы болғаны белгісіз. Олардың арасында Қырғызстан азаматтары да бар екені мәлім.
Свердловск облысының омбудсмені Татьяна Мерзлякова URA.RU агенттігіне берген сұқбатында осы оқиғаны тексеріп жатқанын мәлімдеген. «Бұған сене алар емеспін» деген ол.
Бұның алдында Өзбекстан омбудсмені Краснодарда еңбек мигранттарына жасалған рейдке қатысты мәлімдеме таратқан. Сол кезде Ресей омбудсмені мигранттардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселесін тексеріп жатқанын айтқан.