Шығыс Қазақстан облысында тұратын қоғам белсендісі, заңгер Алексей Божков өзінің табиғи уақыт белдеуінен басқа белдеуді қабылдаған аймақтардың халқына өтемақы төленуі керек дейді. Ол бүгін, 25 қаңтарда өтемақы төлеу регламентін әзірлеуді талап етіп, премьер-министр Әлихан Смайыловқа арыз түсірді. Белсенді бұл әрекетіне елде бірыңғай уақыт белдеуі қабылдануы түрткі болғанын айтады.
Заңгер өзі тұрған мекенге сай келмейтін уақыт белдеуімен өмір сүретін кез келген адам үкіметтен өтемақы талап етуге құқылы, себебі басқа уақыт белдеуі аурушаңдыққа, депрессияға душар етеді дейді.
— Уақыт бір сағат шегінген соң күн ерте шығады, бұл жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Жазғы уақытта ыстық ерте түседі. Ал күн қысқарған мезгілде күндізгі сағат екіден кейін қас қарайып кетеді де кеңседе көп уақыт жасанды жарықпен жұмыс істеуге тура келеді. Мұндай ауырлықтан кейін психологқа жүгінуге қаражат қажет. Сонымен бірге күннің әдеттегіден тез ұясына кіруіне байланысты электр энергиясы шығыны артады, жұмыстан кейін қараңғыда бау-бақшаға қарауға да мүмкіндік болмайды, яғни еккен өнім жоғалады, — дейді ол.
Алексей Божков Қазақстанның тұтас UTC+5 белдеуіне көшуіне наразы болған. Себебі бұл шешімнен кейін Шығыс Қазақстан облысы нақ өзінің белдеуінен (UTC+6) ауысып кетті.
— Уақыт белдеуін ауыстыру туралы мәселе ашық үкімет порталында қоғам талқысына шығарылғанда, көпшілік қарсы пікір жазды. Бірақ соған қарамастан шешім қабылданып кетті, адамдардың құқығы бұзылды. Құқығы бұзылған адам залалдың толық өтелуін талап ете алады, — деді заңгер.
Ашық үкімет порталында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесі талқыланғанда, көпшілік қарсы екенін білдірген.
Алексей Божков бюджет кодексіне халыққа өтемақы төлеу туралы бөлім енгізіп, өтемақы төлеу регламентін әзірлеу керек екенін айтады. Оның арызын үкімет 15 жұмыс күні ішінде қарауы тиіс.
Қазақстан 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. 19 қаңтарда үкімет Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны бекітті.
Осылайша 1 наурыз сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Костанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері жергілікті уақытты бір сағат артқа жылжытуға тиіс.
Үкіметтің желтоқсанда талқылауға шығарған жобасында сағаттың табиғи уақыт белдеуімен сәйкес келмеуі “бірқатар аурудың өршуіне апарып соғатыны” жазылған. Сондықтан уақытты артқа шегеру көптеген облыс халқына оң әсер ететіні айтылған.
Бірақ жоғарыда аталған облыстардың көбі табиғи белдеуіне жақындағанымен, Шығыс Қазақстан облысы алшақтай түседі. Облыс орталығы Өскеменнің тұрғындары бұл қолайсыз екенін айтқан.
Уақытты есептеу жүйесіне сәйкес, Қазақстан төрт белдеуде жатыр. Қабылданған UTC+5 белдеуі елдің батысындағы облыстарға да сәйкес келмейді.