Бұған қоса, өткен аптада парламент мәжілісінің депутаттары "Масс медиа туралы" заңға бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынды. Ол бойынша сыртқы істер министрлігі "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді" деп тапса, журналиске аккредитация беруден өз бетінше бас тарта алады. Ал аккредитациясы жоқ журналистердің жұмыс істеуіне тыйым салынады.
Бұл жаңалықтар Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдерін, саясаттанушылар мен журналистерді, қарапайым желі қолданушыларын бей-жай қалдырмаған сияқты. Әлеуметтік желіде "бұл – Азаттықты ығыстырып шығару не тіпті жауып тастау әрекеті" деген пікір көбейіп, #менАзаттықпын деген хэштегпен посттар жарияланып жатыр.
"АЗИЯДАҒЫ БЕЛАРУСЬКЕ АЙНАЛАМЫЗ"
Азаттықты қолдап жатқандар бұл жағдайды жалпы елдегі сөз бостандығы контексінде қарайды және заңға енгізуді ұсынған өзгерістерді сол мақсатты жоспардың бір кезеңі санайды.
Мәселен, белсенді әрі журналист Инга Иманбайдың айтуынша, "Ақорданың Азаттыққа ауыз салғаны – сөз бостандығына, еркін, тәуелсіз журналистикаға ауыз салғаны". Ол журналистерді "еркін сөзді қорғауға" үндеген. "Онсыз біздің құнымыз – көк тиын" деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев Азаттық журналистеріне аккредитация бермеуді Қазақстандағы "сөз бостандығын тұншықтыру науқанының" бір бөлігі деп сипаттайды:
"Тоқаев пен оның әкімшілігі еліміздегі сөз бостандығын тұншықтыру науқанын күннен күнге үдетіп жатыр. Кеше ғана жекелеген журналистерге жасалған шабуылдан кейін, Азаттық радиосы секілді ірі медиамен күрес басталды. Егер Азаттық өз жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылса, азаматтық қоғамның ғана емес, бүкіл елдің болашағы бұлыңғыр. Тек тәуелсіз медиасы бар мемлекет қана саяси, экономикалық және мәдени тұрғыда дами алады. Ал медиасы тұншыққан ел барлық жағынан дағдарысқа ұшырайды. Бұл – көптеген зерттеулер дәлелдеген аксиома" деп жазды ол Facebook-та.
Саясаткер Мұхтар Тайжан Facebook-тағы парақшасында: "Сөз еркіндігі – басты қағида. Азаттықты жауып тастаса, елімізде, әлбетте, ашықтық азаяды. "Ауруын жасырған өледі" деп бекер айтпаған қазақ атам. Сол үшін бізде ақпарат министрлігінен мемлекеттік тапсырыс алмай жұмыс істейтін журналистер көп болса, соғұрлым еліміз мықты болады. Азаттық тілшілерінде заңды аккредитация болуы тиіс, жалпы тәуелсіз журналистиканы қолдауымыз керек" деп жазды.
Заңға ұсынылған өзгеріс күшіне еніп кетсе, "Қазақстан Азиядағы Беларуське айналады" деп болжайды журналист Ардақ Бөкеева.
"Қазақстанда журналистерге кінә артатындар көп: сатыласыңдар, біліксізсіңдер, әдепсізсіңдер, сауатсызсыңдар дейді. Қоғам бұған да мойынсұнса (заң жобасы қабылданса – ред.), онда Тоқаевтың екінші мерзімге [президент сайлауына] түспеймін деген уәдесін орындайтын кез жақындағанда, айналасы екі-үш жылда біз Азиядағы Беларусьқа айналамыз" деп жазды ол Facebook парақшасында.
Журналист Рауль Упоровтың айтуынша, Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация бермегеніне басқа жұрт бей-жай қарап отыра берсе, бұл оларға да келеді. "Жердің бұл бөлігінде өмір сүру алдымен [билікке] ыңғайсыз саясаткерлерге , журналистер мен белсенділерге қиын бола бастайды, содан соң олардан гөрі қауіпсіздеу адамдарға кезек келеді. Тоқаев алаңды тазартып жатыр, бұл жапырғыш бәрімізді таптап өтеді. Мысықтабандап, кең көлемде әрі Ресейдің әдісімен тазалау жүріп жатыр!" деп жазды ол желідегі парақшасында.
Қазақстандағы ахуалды Ресейдегіге теңеп жатқан тек Упоров емес. Мәселен, Азаттыққа араша сұрап дабыл қаққандардың бірі, Maitanov_online телеграм-арнасының авторы Азамат Майтанов: "Тоқаев Қазақстанды түрлі жазалау нормалары бар, өзге ойлыларды қудалап, еркін баспасөзді тұқыртатын жабық тоталитарлық мемлекетке – путиндік Ресейдің бір түріне айналдырып жатыр" деп жазды.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт "Тоқаев режимі "ұлттық мүддені қорғау" деген желеумен тәуелсіз медиаға қысым жасауды заңдастырғысы келеді. Ресей, Түркіменстан, Қырғызстанның, тағы да басқа автократиялық мемлекеттердің жолымен жүрмек" деді ол Азаттықты қорғауға шақырған үндеуінде.
"ҮНСІЗДІК ПЕН ВАКУУМДА ҚАЛАМЫЗ"
Азаттықтың өзіне тікелей араша сұрап, ондағы материалдарды, журналистерді атап, баға беріп жатқандар көп. Пікір қалдырып жатқандардың көбі Азаттық радиосында жарияланатын журналистік зерттеулерді, жемқорлықты әшкерлеуші дүниелерді, Қаңтар оқиғасына қатысты материалдарды атап өтеді.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов:
"Тоқаев пен оның әкімшілігі елдегі сөз бостандығын біржола құрдымға кетірмек. Азаттық радиосының жұмысына қауіп төніп тұр. Журналистерге аккредитация бермей жатыр. Олардың аккредитациясыз жұмыс істеуіне заң жүзінде тыйым салғысы келеді. Бұған жол берсек, сыни ақпараттың маңызды көзін жоғалтамыз. Журналистік зерттеу жүргізіп, жоғары билік эшелондарындағы жемқорлық пен белден басу, азаптау, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтатын көзден айырыламыз. Мұның барлығымызға қатысы бар. Еркін журналистика режимнің еркінсуінен сақтайтын құрал. Журналистерді, әріптестерімді, қарапайым оқырмандарды ынтымақ танытуға шақырамын. Әлеуметтік желіге шығып, қарсылық білдіруге, үкіметтен еркіндікті айтуға кедергі келтірмеуді талап етуге шақырамын!"
Журналист әрі беленді Әсем Жәпішева:
"Азаттық жабылса, аккредитация берілмей, жұмысын жалғастыра алмаса, билік пен полицияның қылмыстары туралы ақпарат тарамайды. Үнсіздік пен вакуумда қаламыз, себебі Азаттықтың орнын ешкім баса алмайды, ол мүмкін емес. Биліктің мақсаты сол – үнсіздік орнату".
Журналист Дина Елгезек:
"Мен, Дина Елгезек, елімнің Азаттығын қолдауға, қорғауға шақырамын! Журналист деген кім? Ол – ұлттың интеллектуалдық әлеуеті, ұлттың ой қуаты, ұлттың рухани бэкграунды. Қоғамның ең прогресшіл өкілдері – 4 мыңнан аса әріптесімді Азаттықты қолдауға шақырамын! Азаттықтың 36 журналистіне аккредитация бермеу – демократияға шабуыл деп түсінемін!"
"ҚЫСЫМ ЖАСАУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ ШЫҚТЫ ДЕП ОЙЛАМАЙМЫН"
Заң жобасына өзгерістерін негіздеген депутат Никита Шаталов Азаттыққа сұхбатында бұл ұсыныстар ешбір ақпарат құралына қарсы бағытталмағанын айтты:
– Мұнда бірінші кезекте, конституциялық құрылымды, Қазақстан заңдарын бұзуға шақыру және басқа да жағдайлар туралы айтылып отыр. Яғни, қоғамға немесе мемлекетке шынымен зияны тиюі мүмкін нәрселер <...> Қазақстан ақпараттық соғыс пен манипуляция құрбаны болмауы керек. Сондықтан алдын алып жатырмыз. Норма күнделікті әрекетімізді нұсқап отырмайды. Менің ойымша, бұл норма төтенше жағдайлар кезінде керек, – деді Шаталов.
Әзірге билік өкілдері бұл мәселеге қатысты өз еркімен пікір білдірген жоқ. Тек Азаттық сауалына жауап берген жекелеген депутаттар "Азаттыққа қысым болмас" деп үміттенеді.
Журналист, талай жыл қудаланған оппозициялық басылымның бас редакторы болған, қазіргі мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи: "Мұны белгілі бір дәрежеде қысым деп есептеймін. Бірақ мұны үлкен биліктің тарапынан жасалып жатыр деп ойламаймын. Тоқаев тарапынан, саяси биліктен "Азаттыққа қысым жасау туралы" шешім шықты деп ойламаймын. <…> Демократия, ұлт, ел тақырыптары – президент баса мән беретін мәселелер. Ведомстволық мүддемен [сыртқы істер] министрлік тарапынан осындай [Азаттыққа аккредитация бермеу туралы] шешім болса, бұл президентке жетеді деп ойлаймын" деді.
Your browser doesn’t support HTML5
"Заңнама деңгейінде елімізде журналистерге кедергі жоқ. Ал халықаралық журналистерге қатысты өзінің регламенті бар. Мұндай жағдай болып жатқанын жұма күні естідім. Сондықтан ортақ шешімге келеді деген үміттемін. <…> Тиісті уәкілетті органның құзыретіндегі дүние ғой, оған мен қосымша комментарий айтып, баға беріп жатпайын. Жағдай неге байланысты болған, қарайық" деді журналист, биліктегі "Аманат" партиясы атынан мәжіліске сайланған депутат Жанарбек Әшімжан.
Әзірге депутаттар ұсынған өзгерістерді салмақты уәжбен негіздеп, қолдап жатқандар қатары сирек. Жекелеген посттарға жазылған комментарийлерде "Азаттық шетелде қаржыландырылады", "ЛГБТ-ны насихаттайды", "Ұлттық мүддеге қайшы" деген сияқты пікірлер кездеседі.
Негізделген пікір айтқандардың бірі – журналист Бигелді Ғабдуллин. Оның айтуынша, сөз бостандығына қауіп төнді деп байбалам салуға әлі ерте.
"Ұсынылған өзгерістерде шетелдік БАҚ-тар жұмысына тыйым салынады деген нәрсе мүлде жоқ. Өз жұмыстарын істеп, объективті, шынайы материалдар жазса, журналистерге қандай сұрақ болуы мүмкін? Жазыңдар, жұмыс істеңдер! Кейінгі кездері Қазақстан туралы қаншама сыни мақала болды, олардың барлығына билік түсіністікпен қарады, негатив реакция болған жоқ, себебі олардың басым бөлігі негізделген, фактімен бекітілген материалдар болды" деп жазды Ғабдуллин Facebook-тегі постында.
Бигелді Ғабдуллин Азаттықтың материалдары елді "біржақты қаралайды", "оның бетінен Қазақстан туралы позитив түгіл бейтарап материал таппайсың" деп есептейді.
"Оның (Азаттықтың – ред.) біздің республикада болып жатқан жағдайды тек қара түспен, негатив ракурста көрсету мақсаты жоқ па? "Ұлттық қауіпсіздікке қатер" деген, міне, осы жерден басталады. Мәселен, мен оқиғаны тек біржақты етіп көрсетуді, Қазақстанды, Қазақстан қоғамын жаман жағынан сипаттауды қатер деп санаймын" деп жазады Ғабдуллин. Әзірге желі қолданушылары бұл пікірді көп қолдай қоймаған сияқты.
Ал журналист Ораз Әлімбеков керісінше Азаттық Қазақстан билігінің мүддесіне жұмыс істейді деген ой айтып, оны жекелеген саясаткер, журналистердің пікірлерімен дәлелдеуге тырысады.