Ақтөбенің әкімшілік соты «утилизация алымына қарсы митингіге шақырды» деп айыпталған үш тұрғынның әрқайсына 129 220 теңгеден (50 АЕК, қазіргі бағаммен 286 доллар) айыппұл салды. Полиция бұл азаматтардың үстінен «бейбіт жиындарды өткізу тәртібін бұзды» деп хаттама толтырған.
Жауапқа тартылғандардың бірі – Ақтөбе тұрғыны Ернияз Досмалов. Ол учаскелік инспектордың шақыртуымен 29 қаңтарда Ақтөбедегі Сазды полиция бөліміне барған.
- Сол жерде хаттама толтырды да, изоляторға қамап тастады. Қу тақтайдың үстінде түнеп шықтым. Ертесіне 30 қаңтар күні әкімшілік сотқа апарып, айыппұл салды. Прокурор 15 күнге қамауға сұраған еді. Сот 50 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салып, сосын оның көлемін отыз пайызға азайтқанын айтты, - дейді Ернияз Досмалов.
Досмалов пен тағы екі ақтөбеліктің ісі адвокатсыз қаралған.
«Заңды біліңкіремейтін қарапайым таксиспін. Утилизация алымына қарсы алматылық жігіттердің тобынан келген хабарламаны ақтөбеліктердің чатына салғанмын» дейді Досмалов.
Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, әкімшілік жауапқа тартылған үш азамат WhatsApp мессенджеріндегі «Автолегал Ақтөбе» чатындағыларды утилизация алымына қарсы митингіге шақырған. Хабарламада жиын өтетін орын мен нақты уақыты көрсетілген.
- Жауапкерлер өздеріне тағылған айыпты мойындады, - деп хабарлады сот.
Ақтөбеліктер 30 қаңтар күні утилизация алымына қарсы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алдына жиналмақ болған.
Қазақстанда кейінгі жылдары белсенділер көлікті утилизациялау үшін алынатын салық мөлшерінің қымбаттығын айтып келеді. Қазір алым мөлшері көлік көлеміне қарай 250 мың теңгеден басталып, бірнеше миллион теңгеге дейін барады. Белсенділердің айтуынша, бұл тым қымбат және алымды жинау процесі ашық емес. Олар дамыған елдерде утилизация алымы 100 мың теңгеден аспайтынын, ал кей мемлекетте көлікті утилизациядан өткізетін зауыттар өзін-өзі қамтамасыз ететінін айтқан.
Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналысуы керек деп мәлімдеп, экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысты "Оператор РОП" компаниясын жабуды тапсырған. Артынша оның функциясы "Жасыл даму" акционерлік қоғамына жүктеліп, ақпан айының басында утилизация алымын қабылдай бастаған. Ақпанның соңында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Қазақстанда автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына утилизация алымының мөлшері 50 пайызға азаятынын мәлімдеген.