АҚШ сенаты бейсенбі күні Украина, Израиль және Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы одақтастарға $95 млрд қаржылай көмекті қарастыратын заң жобасын әрі қарай жылжытуды қолдап, дауыс берді. 8 ақпанда құжат сенатта процедуралық қолдауға ие болды.
7 ақпанда конгрестің жоғары палатасындағы республикашылдар көші-қон реформасын да қарастырған екі партияның келісімімен әзірленген заң жобасын өткізбей тастаған еді.
Жаңа жобаны бейсенбі күні 67 депутат қолдады, 32 депутат қарсы болды. Құжат ақырғы дауыс беруге шығарылғанға дейін сенат мүшелері оған түзетулерді талқылайды.
Бұл заң жобасында Ресей басқыншылығынан қорғанып жатқан Украинаға $61 млрд көлемінде көмек қарастырылған. 14 млрд доллар ХАМАС-пен (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған) соғысып жатқан Израильді қолдауға арналған. Тағы 5 млрд доллар қаражатты Вашингтонның Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы әріптестеріне (арасында Тайвань да бар) бағыттау жоспарланған.
Егер сенат заң жобасын қабылдаса да, оның өкілдер палатасынан өтуі өте қиын. Мұнда экс-президент Дональд Трампқа адал республикашылдар Украинаға көмек көрсетуге түбегейлі қарсы.
2023 жылдың күзінен бері президент Джо Байден әкімшілігі Украинаға жаңа көмек пакетін қабылдатуға тырысып келеді. Вашингтон – Киевтің негізгі одақтастарының бірі, сондықтан Украина АҚШ-тың қолдауына қатты тәуелді.
- Конгрестегі республикашылдар Украинаға кез келген көмек көші-қон реформасы мен АҚШ-тың оңтүстік бөлігіндегі шекара күзетін қаржыландыруды көздейтін пакеттің бір бөлігі болуға тиіс деген талап қойған.
- Кейінгі төрт айда екі партиядан құралған сенаторлар тобы республикашылдардың талаптары ескерілген ортақ құжат әзірлеген. Алайда партияда ықпалы көп және екінші президенттік мерзімнен үміті бар Трамп заң жобасын сынағаннан кейін Республикалық партия мүшелері пікірлерін күрт өзгерткен.