2006 жылғы 11 ақпанда оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі көмекшісі Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевті өлтіргені үшін өмір бойына сотталған Рустам Ибрагимов Қазақстан президентінен істі қайта тергеуді сұрап, хат жазған. Онда Ибрагимов қылмысты істегенін жоққа шығарып, сол кездегі күштік құрылым және құқық қорғау органдарының басшыларынан қысым көргенін жазған.
Қостанай облысы Жетіқара ауданындағы №39 мекемеден жазылған хат 6 ақпанда "Злобная татешка" telegram арнасында жарияланған. Адвокат Болат Омаров хатты Ибрагимовтың өзі жазғанын Азаттыққа растады.
Әуелде тапсырыспен адам өлтіргенін мойындап, оны қалай істегенін айтып берген бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов хатында "істемеген қылмысым үшін жазықсыз сотталдым" деп жазған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарата жазған хатында ол "Алтынбек Сәрсенбайұлын, Бауыржан Байбосынды, Василий Журавлевті экс-президенттінің бұрынғы күйеу баласы, марқұм Рахат Әлиев, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев және прокуратураның бұрынғы қызметкері А.А. Мақашов ұйымдастырып, өлтірді" деп жазған.
"Ал олардың қылмыстық жауапкершіліктен құтылуына, жазықсыз адамдарды соттауына бұрынғы бас прокурор Рашид Түсіпбеков, бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов, оның орынбасары болған Қалмұханбет Қасымов және басқа да бағынышты тұлғалар көмектесті" делінген хатта.
Ибрагимовтің жазуынша, бұл адамдар қылмыстық істі тергеуге араласып қана қоймай, қызметтік өкілетін, билігін пайдалана отырып, жеке басына қысым көрсеткен, отбасының өміріне қауіп төндіріп, қорқытқан, іс материалдарын бұрмалаған.
Рустам Ибрагимов "лауазымды тұлғалардың заңды белшесінен басып жүргені, күйеу баласы жасаған қылмысты" біле тұра оған көз жұма қарағаны үшін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты айыптаған. 2006 жылы тергеу тобын басқарған Гаши Машанло туралы "Арыстан" жасағының офицерлерін жалған куәлік беруге итермелеп, қорқытқанын" жазған.
Азаттық Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы туралы 12 ақпанда жариялаған материалында Қалмұханбет Қасымовтан іс туралы сұраған. Ол Азаттыққа "сұрақтарды тергеушілерге қой" деп қайырған. Ішкі істер министрлігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі болған Гаши Машанло Азаттыққа бұл туралы сөйлескісі келмейтінін айтқан. Ал Бауыржан Мұхамедановпен тілдесу мүмкін болмады.
Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында екі көмекшісі – Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапты.
Сол жылы сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының жетекшісі болған Ержан Өтембаев "тапсырыс берген" деп тауып, оны 20 жылға соттаған. "Кісі өлтірді" деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойы түрмеге қамалу жазасына кесілген. 2013 жылы желтоқсанда Қазақстанның бас прокуратурасы "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеді.
Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында Жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес – Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.
Сот 2014 жылы Ержан Өтембаевқа қайта үкім шығарып, оны "қылмысқа айдап салушы" ретінде 13 жылға соттаған. Ол сол жылдың аяғында шартты жазамен босап шығып, 2018 жылы қайтыс болды.
Бас прокуратура Азаттыққа күдіктілер – Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевқа қатысты тергеу 2018 жылдың наурызында үзілгенін, тергеу тоқтап тұрғанын хабарлады.
Рахат Әлиев 2015 жылы Вена қаласында түрмеде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Австрия полициясының ресми қорытындысы бойынша, ол түрмеде асылып өлген. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев қазір Австрияда тұрады. Ол елдің құқық қорғау органдары оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқан.