Дональд Трамптың соты 25 наурызда басталады

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Манхэттендегі сотта, Нью-Йорк, 15 ақпан 2024 жыл.

АҚШ тарихында алғаш рет бұрынғы президентке қозғалған іс бойынша сот 25 наурызда басталады. Нью-Йорктегі Манхэттен қылмыстық соты порноактриса Сторми Дэниэлсқа ақы төлеу кезінде қаржылық айла-шарғыға барды деп айыпталған Дональд Трамптың істі тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырмаған.

Трамптың адвокаттары сот отырысы кезінде істі тоқтатуды немесе оны кейінге қалдыруды сұрады. Қорғау жағының пікірінше, Нью-Йорк сотында процестің әділ өтуіне жағдай жоқ, олар сот алқасы істі жан-жақты қарайды дегенге де сенбейтінін жеткізді.

Бұған қоса, Трамп өкілдері АҚШ-тағы президент сайлауы алдындағы тайталас кезінде сот праймеризге әсер ететінін, сайлау процесіне кедергі келтіретінін айтты.

Сот қорғау тарабының өтініштерін орындамады.

Журналистерге сұхбат берген Дональд Трамп ешқандай қылмыс жасамағанын айтты.

Тергеу мәліметінше, 2016 жылғы сайлау алдында Трамп адвокаттары арқылы Сторми Дэниелске онымен жыныстық қатынасқа түскені жөнінде тіс жармауы үшін 130 мың доллар ақша берген. Ақша заң жүзінде берілген, ол Трамптың адвокат қызметі үшін төлемі ретінде рәсімделген. Нью-Йорк штатында бұл есепті бұрмалау болып саналады.

Трамптың адвокаты Майкл Коэн 2018 жылы "бұрмалау ісі" бойынша үш жыл түрмеге кесілген. Сол кезде президент қызметін атқарған Трампқа айыптар тағылмаған.

Нью-Йорктегі процесс бұрынғы президентке қарсы қозғалған төрт қылмыстық істің алғашқыларының бірі.

4 наурызда Вашингтонда Капитолийді басып алу кезіндегі Трамптың рөліне қатысты іс бойынша сот өтуге тиіс, алайда процесс туралы түпкілікті шешімді Жоғарғы сот шешуге тиіс. Трамптың айтуынша, 2021 жылы 5 қаңтар күнгі штурм кезінде және оған дейін президент ретінде әрекет еткендіктен оның иммунитеті болуға тиіс.

Трамптың құпия құжаттарды сақтағаны жөнінде іс мамырға белгіленген. Тамызда Джорджия штатының билігі Трамптың 2020 жылғы президент сайлауы кезінде штаттағы сайлаудың нәтижесін өзгертуге тырысу ықтималдағы бойынша істі бастамақ.