Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың үлкен ұлы – 18 жастағы Ахмат Қадыров республиканың жастар ісі жөніндегі министрі болып тағайындалды. Оған сонымен бірге аймақтағы ең жоғары марапат – Қадыров атындағы орден берілді, деп жазды Кавказ.Реалии сайты.
Тағайындау туралы ресми түрде хабарланбады, алайда республика үкіметінің жетекшісі Магомед Даудов марапаттау туралы жазбасында жаңа қызметін атап өткен. Ол Қадыровтың ұлы "кез келген тапсырманы жоғары деңгейге орындайды" деп жазған, алайда нақты қандай еңбегі үшін марапаттағанын түсіндірмеген.
Бұған дейін Ахмат Кадыров спорт және жастар саясаты министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған, ол бұл қызметке кәмелет жасқа толғаннан кейін тағайындалған.
2023 жылы Ахмат Қадыров әкесінің көмекшісі атанды, билікшіл "Движение первых" бөлімінің жетекшісі болды. Көктемде жасөспірімді Ресей президенті Владимир Путин Кремльде қабылдаған. Саясаттанушылар мұны Шешенстан ұлының үйлену тойына сыйлық ретінде бағалаған.
Шешенстанда Рамзан Қадыровтың шамамен жүз шақты туысы - балалары, әпке-қарындастары, күйеубалалары, бауырлары түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтерде отыр. Кавказ.Реалии редакциясы солардың толық тізімін жасаған.
Рамзан Қадыровтың жақын туыстары мемлекеттік қызметтерге тағайындалып, мемлекеттік марапаттарға жиі ие болады. Былтыр Шешенстан басшысының 15 жастағы ұлы Шешенстан қаһарманы орденімен марапатталды. Бұған қоса, Татарстанның "Достық", "Қарашай-Шеркес республикасына сіңірген еңбегі үшін", "Республикаға сіңірген еңбегі үшін" ордендерімен марапатталды. Шешенстан басшысының 26 жастағы жиен інісі Хамзат Кадыров республика қаһарманы атағына ие болды.