18 ақпанда Оралда шамамен 70 жүргізуші халыққа қызмет көрсету орталығы маңына жиналып, утилизация алымын 200 мың теңгеге дейін азайтуды талап етті.
Акция кезінде наразы жүргізушілер президент Қасым-Жомарт Тоқаев және премьер-министр Олжас Бектеновке видеомәлімдеме жасады. Шараны ұйымдастырушылардың сөзінше, акцияға қала әкімдігі рұқсат берген.
"Біз, Ресей, армян, қырғыз тіркеуіндегі көлік иелері, сонымен бірге транзиттік нөмірі бар жүргізушілер утилизация алымын, сонымен бірге бастапқы тіркеуді 200 мың теңгеге дейін азайтуды, сондай-ақ 2023 жылдың 1 қыркүйек күнгі жолдауыңыздан кейін әкелінген шетел автокөліктерін тіркеуді талап етеміз" деді президентке бағытталған мәлімдемені оқыған жүргізушілердің бірі.
Мәлімдеме авторлары видеода елде көлік қымбат болғандықтан оны шетелден әкелуге мәжбүр болатынын айтады. Олардың сөзінше, көлікті ел ішінде сатып алғаннан гөрі шетелден сатып әкелу арзанға түседі.
"Қазақстанда көліктерді утилизациялайтын зауыт жоқ, қарапайым азаматтардың ақшасын жымқыру жүріп жатыр. Кейінгі екі жылда елге әкелінген көліктер қашан утилизацияланатыны белгісіз, себебі 2023 жылдың 1 қыркүйегінен кейін негізінен жеті жыл бұрын шығарылған көліктер әкелінген. Олардың экологиялық классы – Euro4, Euro5, Euro-ға жатады. Утилизация алымы автокөлікті тіркегенде емес – утилизацияға өткізген кезде төленуге тиіс" деп жазылған мәлімдемеде.
Көлік иелерінің айтуынша, қазір шетелден әкелінген көліктерді бастапқы тіркеудің құны – 2 млн теңге (4,5 мың доллар).
Мәлімдеме оқылғаннан кейін қалған жүргізушілер оны "қолдаймыз!" деп айқайлап, қол шапалақтады.
Азаттық әкімдіккке хабарласып көрді. Баспасөз хатшысы Данияр Оспан кейінірек түсініктеме жіберуге уәде берді.
11 ақпанда осыған ұқсас акция Ақтөбеде де өткен. Шамамен 300 адам өзге талаптармен қатар утилизация алымын да алып тастайды талап еткен.
2022 жылы белсенділердің көптеген наразылық акцияларынан кейін билік утилизация алымын екі есе азайтқан, алайда наразылар шешімді сынаған. Белсенділердің сөзінше, утилизация алымы бұрынғыша жоғары және оны жинау механизмінде ашықтық жетіспейді.
2023 жылы Астана соты "Оператор РОП" компаниясының бұрынғы басшылары мен бұрынғы шенеуніктерді 7 жылға дейін бас бостандығынан айырған. Утилизация алымын жинаған аталған компанияны жергілікті БАҚ экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланыстырады. Қаңтар оқиғасынан кейін үкімет "Оператор РОП" компаниясының қызметін тоқтатып, компанияның активтері мемлекет меншігіне өткен. Бес жыл ішінде "Оператор РОП" 700 млрд теңге (1,5 млрд доллар) жинаған.