Алматыда ұсталған қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратов Қылмыстық кодекстегі "басылым, желі, интернет арқылы халықты жаппай тәртіпсіздікке шақыру" және "БАҚ, интернет я желі арқылы қоғамға қауіп төндіретін материалдарды көрсету, тарату я дайындау" баптарымен күдікке ілінген. Бұл туралы белсендінің әпкесі Фариза Нарбекова адвокатқа сілтеме жасап хабарлады.
Алматы полициясы Мұратовты Өзбекстанның сұрауымен өткен аптада ұстаған. Алматы полиция департаменті Ақылбек Мұратовты Өзбекстанға экстрадициялау мәселесі қаралып жатқанын айтқан. 17 ақпан кешкісін белсендінің 40 күнге қамалғаны белгілі болды. Фариза Нарбекова сот адвокаттың қатысуынсыз өткенін айтқан.
Өзбекстан азаматы Ақылбек Мұратов он жылдан аса уақыттан бері Қазақстанда тұрып жатыр. Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының лидері.
Your browser doesn’t support HTML5
2022 жылы жазда Қарақалпақстанның Нүкіс қаласындағы наразылықтан соң Өзбекстан билігі Мұратовты "конституциялық құрылымды бұзбақ болды", "тәртіпсіздікке шақырды" деп айыптаған. Белсенді айыптарды жала деген еді. Европада тұратын қарақалпақ белсендісі Аман Сағидуллаев Ақылбектің қамалуын оның белсенділігімен байланыстырады. Мұратов Өзбекстандағы адам құқығын жиі көтеріп, өзбек билігін сынап жүрген.
2022 жылғы Нүкісте бірнеше адам қаза болған наразылықтан соң қарақалпақ белсенділердің көбі өзбек билігінің қысымынан Қазақстанға қашқан. Өткен аптаның жұмысында қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева баспасөз мәслихатын өткізіп, Ташкенттен қудалауды тоқтатуды талап еткен еді.
2022 жылы Өзбекстан билігі Қарақалпақстанды егемен статусынан, Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығынан айырмақ болған соң Нүкісте халық жаппай наразылыққа шыққан. Ресми дерек бойынша, наразылық кезінде 21 адам қаза тауып, 200-ден аса адам жараланған.
Қазақстандағы адам құқығы бюросының мәліметінше, Мұратов – Өзбекстанның сұрауымен Қазақстанда ұсталған алтыншы қарақалпақ белсендісі. Бұған дейін ұсталған белсенділердің көбі бір жылдан соң қамаудан босаған.