Иран жыл басынан бері Ресейге 400-ге жуық баллистикалық зымыран жөнелткен. Бұл жөнінде Reuters агенттігі алты бірдей дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. Дереккөз зымыран тасымалдау алдағы уақытта да жалғасатынын айтқан.
Мәселе Fateh-110 класына жататын "жер үсті" зымырандары жөнінде болуы мүмкін. Олар 300-ден 700 шақырым қашықтыққа дейін шабуылдай алады.
Былтыр жыл соңында Мәскеуде және Тегеранда екі ел қорғаныс ведомстволары мен қауіпсіздік қызметі өкілдерінің кездесуінен кейін, жаңа жылдан бастап Иран Ресейге зымыран тасымалдай бастаған. Зымырандарды Каспий теңізі арқылы, қалғанын ұшақтармен жеткізіп жатыр.
Иранның жоғары лауазымды шенеунігі Reuters агенттігіне "зымырандарды жеткізуді жалғастырып жатырмыз. Оларды үзуге еш себеп жоқ. Біз кез-келген елге зымыран жеткізетін құқығымыз бар" деген.
Иран және Ресей билігі Reuters агенттігінің ресми сауалдарына жауап бермеді.
Ресей Украинаға басқыншылық жасағалы бері Иранмен қарым-қатынасты кеңейтті.
Қазір Иран да, Ресей де халықаралық санкцияға ілінген. Иран 1979 жылы болған Ислам революциясынан бері 40 жылдан астам санкцияда, ал Ресейге 2014 жылы Қырым түбегін басып алғаннан кейін санкция салынды, 2022 жылы Украинаға басып кіргеннен кейін санкция күшейді.