АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Ресей 2022 жылдың 24 ақпанында Украинаға басқыншылығын бастағаннан бері Тегеран мен Мәскеудің әскери қатынасы аса жақындап кеткеніне алаңдайтынын жеткізді.
21 ақпанда Reuters агенттігі Иран жыл басынан бері Ресейге жүздеген баллистикалық зымыран жеткізгенін хабарлаған. Онда Иран өкілі алдағы күндері де бұдан да көп зымыран тасымалдайтынын мәлімдеген.
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Азаттық радиосына Reuters материалына пікір білдіріп, "бұл бүкіл әлемді алаңдатуы тиіс" деді.
"Біз біраз уақыттан бері Ресей Иранмен баллистикалық зымыран алу үшін келіссөз жүргізіп жатыр деп ескертіп келдік, қазір бұл келіссөздер белсенді түрде жүзеге асып жатыр" деді спикер.
20 ақпанда Иранның қорғаныс министрлігі Ресеймен әскери қарым-қатынастың "Украинадағы соғысқа ешқандай қатысы жоқ" деген.
Иран Ресейге Shahed дрондарын да жеткізіп келген. Мәскеу мұны Украинаның азаматтық инфрақұрылымдарын талқандау үшін пайдаланып отыр.
Иран мұны да теріске шығарып, Мәскеуге аз көлемде дрондар сатқанын айтқан.
Ресейдің қорғаныс министрлігі былтыр шілде айында "Армейский сборник" деп аталатын ай сайын шығарып тұратын журналында "Герань-2" дроны шын мәнінде Ираннан өндірілетін "Шахед-136" дроны екенін растаған.