Қазақстан бас прокуратурасы 23 ақпанда "трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған жетекшілік етті" деген күдікке ілінген Украина азаматы Польшадан экстрадицияланғанын хабарлады.
"2022 жылы ол құрған қылмыстық топ Қазақстанда аса ірі көлемде психотроптық заттарды дайындау және сатумен айналысқан. Тәркіленген заңсыз заттардың көлемі бір тоннадан асады, ал олардың "көлеңкелі" нарықтағы жалпы құны 1,5 миллиард теңгеден асатын еді. Осы қылмыстан кейін ұйымдасқан топ мүшелері ұсталып, жетекшісі із-түссіз жоғалып, халықаралық іздеу жарияланған" деп жазылған бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ресми мәліметке қарағанда, күдікті 2023 жылы тамызда Польшада жүргені анықталған. Қазақстан бас прокуратурасының сұрауымен елге экстрадицияланып, қазіргі кезде Астанадағы тергеу изоляторына қамалған. Күдіктінің аты-жөні мен жасы бас прокуратура хабарламасында айтылмайды. Бас прокуратураның телеграм-арнасында "поляк полициясының күдіктіні Қазақстанның құқық қорғау органдарына тапсырғаны" бейнеленген видео жарияланды.
Айыбы дәлелденсе, күдікті 15-20 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін.