23 ақпанда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оқушыларды пәндік олимпиадаға апара жатып, көлігі апатына ұшыраған мұғалімнің ісін қарай бастады. Сотқа Ырғыз ауданы Жаныс би ауылындағы орта мектептің 25 жастағы мұғалімі Жандос Шамшаддин тартылып жатыр. Тергеу оны "көлік жүргізу ережесін қағидасын бұзып, үш адамның өліміне себепкер болды" деп айыптайды. Айыпталушы Шамшаддин өзіне тағылған айыпты мойындап отыр.
2023 жылы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қызылжар ауылдық округіне қарасты Жаныс би ауылынан аудан орталығына бара жатқан 5 оқушы, 2 мұғалім мінген көлік жол апатына ұшыраған еді. Жол апатанына екі оқушы мен бір мұғалім қаза болған. Рөлде мұғалім Жандос Шамшаддин отырған.
Сотта айыптау актісін оқыған прокурор Асланбек Ибрашевтың сөзінше, Жандос Шамшаддин аудан орталығы Ырғызға барар жолда қарсы бағытқа шығып кетіп, рөлге ие бола алмай, Қырғызстан азаматы жүргізіп келе жатқан Volvo жүк көлігімен соқтығысқан.
Бүгін, 23 ақпанда сот залында жәбірленуші тарап өкілдері де болды. Бірақ олар журналистермен тілдесуден бас тартты. Айыпталушы Шамшаддиннің әкесі Сайран Бахманов та пікір білдіргісі келмеді.
Жол апатынан мерт болған оқушының бірі – сотталушы Жандос Шамшаддиннің туған қарындасы. Ал қаза тапқан 16 жастағы екінші ұл бала "Алтын белгіден" үміткер болған.
Осы апаттан соң елдегі мектептерге арнайы автобус жетіспейтіні айтылды. Ырғыз ауданы Жаныс би ауылындағы орта мектепте оқушыларды пәндік олимпиадаға апаратын көлік болмай мұғалім оқушыларды жекеменшік көлігімен алып шыққан.
Жол апатынан кейін мектебінің директоры Нұртілек Сүйеуге қатаң сөгіс жарияланды. Ал Ырғыз аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Бөлекбаеваға сөгіс берілген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Апат мектебіміздің қаймағын сыпырып кетті". Ырғыздағы оқушылар қазасы мектептердегі автобус мәселесін көрсетті