Ресейдің Украинаға басқыншылығына екі жыл толған күні Алматыда жұрт Тарас Шевченконың ескерткішіне гүл, шар әкеліп, шырақ жақты, Ресей басқыншылығын айыптады.
Украин ақыны ескерткішінде алғашқы гүл шоқтары сенбі таңертең пайда болды. Кейін "Украинаға – бейбітшілік. Бейбітшілікке – еркіндік" деген жазуы бар плакат қойылды.
Сағат 16-ға қарай ол жерге жүз шақты адам жиналды. Олар украин тілінде ән шырқап, Украина туын ұстап тұрды.
Бірнеше азамат Қазақстан және Украина туларын жайған кезде оларға әкімдік қызметкері жақындап, "жиын заңсыз" екенін, оған жергілікті әкімдік рұқсат бермегенін ескертті.
Қазақстан Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдаған жоқ, айыптаған да жоқ. Астана Ресей басып алған украин жерін Ресей аумағы деп таныған жоқ.
Қазақстандық Demoscope зерттеу ұйымы Қазақстан тұрғындарының Украинадағы соғысқа көзқарасы жөнінде бірнеше сауалнама жүргізген. Былтыр мамырда жарияланған сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 21,1 пайызы Украинаны қолдайтынын білдірген; 12,8 пайызы "Ресей жағында" екенін айтқан. 60 пайызға жуығы "бейтараптық ұстанатынын" айтқан. Қалған алты пайызы жауап беруге қиналатынын жеткізген. Респонденттердің 15 пайызы Ресей Қазақстанға басып кіруі мүмкін деп қауіптенетінін айтқан. Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың пікірінше, Ресейді қолдайтын қазақстандықтардың көбі Ресей пропагандасының әсеріне ұшыраған.
Ресей Украинаға 2022 жылы 24 ақпанда басып кірген. Кремль Киевті үш күнде басып аламыз деп ойлаған. Мәскеу халықаралық қауымдастық мойындаған Украинаның заңды билігін "неонацистік режим" деп атаған.
Ресейдің Украинаға қарсы соғысы екі жылдан бері жалғасып келе жатыр. Соғыс мыңдаған адамның өмірін қиды, миллиондаған украин азаматы баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болды. Украинаның оңтүстік-шығысында ондаған елдімекен қирады.
БҰҰ мәліметінше, Ресей басқыншылығы басталғалы бері он мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза болған. Зерттеушілердің есебінше, Ресей кемінде 75 мың әскерінен айырылған. Ресей билігі Украинаны "денацификациялағанға дейін" соғысты жалғастыра беретінін мәлімдеген.