26 ақпанда Жаңаөзен қаласының орталығындағы Тәуелсіздік алаңында "Өзенмұнайгаз" компаниясының мұнайшысы, азаматтық белсенді Естай Қарашаев пикетке шықты. Ол журналист әрі қоғам белсенділері төрт жарым жылға сотталған Әйгерім Тілеужан мен соты өтіп жатқан Думан Мұхаммедкәрімге және жеті жылға бостандығынан айырылған марафоншы Марат Жыланбаевқа араша сұрады.
Естай Қарашаев пикетке Думан Мұхамедкәрім мен Әйгерім Тілеужанның суретін алып шыққан.
- Оларға жала жабылды. Биліктің көзқарасымен сай келмесе шындықты айтқан адамды қамай беретін болды. Атаң-даңқы әлемге әйгілі марафоншы Марат Жыланбаевты да жазықсыз соттады,- деді ол.
Естай Қарашаев пикетте ұзақ тұра алмады. Пикетке шығатынын заң бойынша жергілікті билікке алдын ала хабарламаған. Жаңаөзен әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қызметкері Досан Асланбек пен Жаңаөзен қаласының прокуроры Жұма Ақмолдаев пикетті дереу доғармаса жауапқа тартылатынын ескерткен соң кетіп қалды.
"Ne Deidi" Youtube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған. Қазір оған қатысты сот процессі жабық өтіп жатыр.
Ал Әйгерім Тілеужанды 2023 жылы 11 шілдеде Алматы соты "әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен төрт жарым жылға бостандығынан айырған. Онымен бірге мектеп мұғалімі, қоғам белсендісі Қалас Нұрпейісов және үш азаматтық белсенді: Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсысын 8 жылға соттаған. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ғимаратқа шабуыл жасады", "автомобиль ұрлады" және "тонады" деген айып тағылған. Бесеуі де тағылған айыпты мойындамаған.
Сот 60 жастағы "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі, белсенді Марат Жыланбаевты былтырғы 29 қарашада тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" және "экстремизмді қаржыландырды" деп айыптап 7 жылға бас бостандығынан айырды.