8 наурызда әйел митингісін өткізуді талап еткен журналист Алматыда пикетке шықты

Гендер теңдігі туралы маршқа қатысушылар. Алматы, 8 наурыз 2021 жыл

Алматыда журналист Айсұлу Тойшыбек әйелдер маршы мен 8 наурызда өтетін митингіні қолдау мақсатымен пикетке шықты.

Айсұлу Панфилов көшесінде, "Жібек жолы" метро станциясының жанындағы жаяу өткел тұсында бір сағатқа жуық пикет өткізді. Қолына "Әйелдер нені қалайды? Әйелдер маршты қалайды. Марш болсын" деген жазуы бар плакат ұстаған. Ол пикетке шығатыны туралы eOtinish порталы арқылы жергілікті билікке хабарлағанын айтқан.

Жалғыз адам пикетінің эфирін 8marchkz instagram-парақшасынан көруге болады.

Парақшадағы видеодан Айсұлудың Алматы әкімі Ерболат Досаевқа үндеу тастап, белсенділердің митингі мен марш өткізуіне рұқсат беруді сұрағаны көрінеді.

"Власть" интернет-басылымы Айсұлудың әйелдерді саясатқа белсендірек араласуға шақырғаны туралы сөзін жариялаған.

Әйелдер құқығын қорғаумен шұғылданатын әртүрлі топтар 8 наурыз - әйелдердің халықаралық мерекесі күні "Қазақстан әйелдерінің қауіпсіздігі мен еркіндігі" деген тақырыпта әйелдер митингісі мен маршын өткізуді жақтап келеді. Фем-белсенділер Алматы әкімдігіне бірнеше рет хабар берген. Бірақ әлі күнге келісім алмаған.

2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиын туралы" заңды Астана "прогрессивті және демократиялы" заң деп атайды. Бұл заң бойынша қандай да бір бейбіт жиынға шығатын адам ол жөнінде әкімдікке хабар берсе жеткілікті. Бірақ шын мәнінде жергілікті биліктің келісімін алуға тиіс.