Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақыбек Жапаров қырғыз халқының дәстүріне жат ақпаратты шектеу керек деп мәлімдеді.
"Ақпарат тұрғысынан қарасақ, мониторинг тобы, [министрлер кабинеті төрағасының орынбасары] Еділ Жолдыбайұлы, бұл мәселені бүгін шешуіміз керек, бұдан былай біздің дәстүрімізге қайшы ақпаратты шектеу қажет" деді Жапаров Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің отырысында.
Бұған қоса ол әлеуметтік желіде "дәстүрлі құндылықтарды сақтамайтын, күйеуімен ажырасып, жаман үлгі көрсететін" әйелдер туралы да айтты.
"Ата-енесін сыйламайтын келіндер күйеуінің үйінде міндетін орындап, жақсы әйел болудың орнына әлеуметтік желіге шығады, ажырасады. Бұларды үлгі ретінде қарамауымыз керек. Мұны желіге шығарғанының өзі ұят. Аталар, біздің әкелеріміз келіндер орамалын шешпесін деп шолақ шалбар кимеген. Мұның барлығын дұрыс бағытқа түсіруіміз қажет, мәдениет министрлігі, сіздер бақылауға тиіссіздер" деді Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы.
Қырғызстан билігі әлеуметтік желіге бақылау орнату туралы бұрыннан айтып келеді. Бұдан бұрын мәдениет министрлігі әлеуметтік желіні бақылау орталығын аштынын айтқан. Министрлік елдің ақпарат саласындағы заңдары бұзылмауы үшін МЕТА корпорациясымен (Facebook, WhatsApp), Google және TikTok-пен келісім-шарт жасаспақ.
Бұған қоса, президент әкімшілігі әзірлеген "БАҚ туралы" заң жобасында Қырғызстан аумағындағы блогерді тіркеуге алып, бақылау туралы айтылған.
Елдің құқық қорғау органдары қазірдің өзінде әлеуметтік желіге бақылау жүргізіп, азаматтарды түрлі баптармен, соның ішінде көбіне алауыздық қоздырды деген себеппен қамап жатады. 2023 жылы осы баппен бірнеше адам ұсталған. 2024 қаңтарда тағы бір адам ұсталды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тек негатив жазатын" Kloop. Қырғыз билігінің журналистерге қысымы фарсқа айналып барады