Алексей Навальный командасы Мәскеуде саясаткермен қоштасу рәсімін өткізетін зал таппай жатқанын мәлімдеді. Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыштың айтуынша, жерлеу агенттіктері мұндай қызмет көрсетуге келісім бермей жатыр.
"Жекеменшік және мемлекеттік жерлеу агенттіктерінің көбіне, коммерциялық алаңқайлар мен жерлеу залдарына хабарластық. Кейбіреулері ғимарат бос емес дейді, енді біірі "Навальный" деген фамилияны естіген соң "жоқ" дейді. Бір жерде жерлеу агенттіктеріне бізбен жұмыс істеуге тыйым салғанын ашық айтты. Бір тәулік өтті, қоштасу рәсімін өткізетін орын табылмады" деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде.
Навальный командасы қоштасу рәсімін өткізетін жерді әлі іздеп жатыр деді Ярмыш.
Бір күн бұрын Навальный жақтастары саясаткер осы апта соңында жерленетінін айтқан.
Тергеушілер Навальныйдың сүйегін анасы Людмила Навальнаяға өткен сенбі, 24 ақпанда берді. Жемқорлықпен күрес қорының директоры Иван Жданов тергеушілер анасынан Навальныйды жұртқа жария етпей, тыныш жерлеуді талап еткен. Мұнымен келіспеген Навальная видеоүндеу жасап, тергеу комитеті адамдары өзіне қысым жасап жатқанын мәлімдеген.
Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Ресейдегі Ямал-Ненецк автономды аймағында орналасқан түрмеде көз жұмғанын Ресей билігі 16 ақпанда жариялаған. Қылмыстық жазаны атқару федералдық қызметінің хабарлауынша, ерекше қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеген оппозиционер "күндіз серуеннен кейін көз жұмған". Саясаткер қаза болғанға дейін бірнеше күн бұрын тәртіптік изоляторға 27-рет жөнелтілген.
- Оппозиционердің жақтастары саясаткерді өлтірді деп санайды. Жақындарына Навальныйдың сүйегі әлі берілмеген. Навальныйдың жесірі Юлия Навальная күйеуінің ісін жалғастыратынын айтты.
- Америка президенті Джо Байден Навальныйдың өліміне Ресей басшысы Владимир Путинді кінәлады.