Ресейдің Украинаға басқыншылығы жалғасып жатқан жатқан тұста Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Орталық Азиядағы үкіметтік емес ұйымдар Ресейге қарсы қызметін айтарлықтай өрістетті деп мәлімдеді. Бұл жөнінде Шойгу 27 ақпанда қорғаныс министрлігінің жиынында мәлімдеді.
Оның сөзінше, Орталық Азияда жүзден астам "батысшыл ірі үкіметтік емес ұйым" істейді, олардың 16 мыңнан астам өкілдігі мен бөлімшесі бар.
"Арнайы әскери операция тұсында Орталық Азия елдерінің Ресеймен әскери-техникалық, экономикалық және мәдени әріптестігін азайтуы үшін бұл үкіметтік емес ұйымдар Ресейге қарсы қызметін айтарлықтай өрістетті. Ескерту шараларын қабылдап жатырмыз" деді Шойгу. Бірақ ол қандай шара екенін нақтыламады.
Ресей қорғаныс министрі сонымен бірге биыл Орталық Азияда негізгі күш аймақтағы дағдарысты шешуге және Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумағындағы жеті жаттығуға қатысуға бағытталатынын атап өтті.
"Әскер дайындығының нәтижесі ҰҚШҰ-ның ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің "Өзара іс-қимыл-2024" оқу-жаттығуы болады, оған бес мемлекеттің әскери контингенті қатысады" деді ол.
Ресейде он жылдан бері "шетел агенті туралы" заң бар. Құжат Ресей әділет министрлігіне шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдарды "шетел агенті" деп атауға міндеттейді. Сарапшылардың айтуынша, құжат Ресей билігіне адам құқығы, экология, мәдениет, денсаулық сақтау, ағарту және өзге салалардағы ұйымдарды қудалауға жол ашқан. Соның салдарынан Ресейде көптеген үкіметтік емес ұйым жабылған немесе қызметі шектелген.
Сарапшылар осы тұрғыда Ресейде "ең жақсы тәжірибе болмаса да", көрші Орталық Азия елдерінде Мәскеудің заңнамасына ұқсас заңдар пайда бола бастағанын атап өтеді.
Былтыр күзде Қазақстан қаржы министрлігінің кіріс комитеті ресми сайтында шетелден қаржы алатындардың тізімін жариялаған. Тізімге 200 ұйым кірген. Олардың ішінде Қазақстанға танымал құқық қорғау ұйымдары, журналистер және блогерлер бар. Құқық қорғаушылар Қазақстанда бұл тізімге кірген көптеген азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдар бақылауға алынуы мүмкін деп алаңдайды.
Қазір Қырғызстанда да "шетел өкілі" туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Жуырда оны қырғыз парламенті екінші оқылымда мақұлдаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Transparency International қазақстандық "шетел агенті" тізімі жөнінде: Ресей тәжірибесін қайталайды