Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы тағы 11 жылға сотталды. Үкімді 29 ақпанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты шығарды. Мұхамедиұлына бұған дейін басқа екі іс бойынша да 11 жыл жаза кесілген. Соттың хабарлауынша, үш үкімдегі жаза мерзімінің жиынтығы 11 жыл болып қала береді. Мұны сот "аса қатаң емес жазаны қатаң жазаның құрамына қосу" деп түсіндірген.
Үкімге сай, экс-министр "Дипломат" қонақүйін рейдерлікпен тартып алған және "Алтын адамның әлем мұражайларына шеруі" атты халықаралық көрме жобасына бөлінген бюджет қаржысын жымқырған. Сол себепті ол Қылмыстық кодекстің "Өкілетін асыра пайдалану", "Рейдерлік" баптары негізінде кінәлі деп танылған. Сотта адвокаттар Арыстанбек Мұхамедиұлының толық ақтауды сұраған.
Тергеу дерегінше, Мұхамедиұлы мәдениет министрі және одан кейін ұлттық музейдің директоры қызметінде жүргенде 2017-2019 жылдары "Алтын адамның әлем мұражайларына шеруі" жобасынан "Э." атты компания директорының орынбасары және бухгалтер көмегімен қызмет ақысын көтеру арқылы 1,5 млрд теңгені қолды қылған.
Тергеу Мұхамедиұлы 2017-2018 жылдары Н. деген адаммен сөз байласып, Ұлттық киноколлекциясын цифрландыру үшін жарияланған тендер кезінде 196 млн теңге жымқырған дейді.
Сот экс-министр "Ех." компаниясы директорымен 2019-2020 жылдар аралығында "Қазақстанның ұлттық киелі орындары мен мұражай қорларын 3D сканерлеу" жобасынан 1,5 млрд теңгені де ұрлаған деп санайды.
Бұған қоса "Дипломат" қонақ үйінің жарғылық капиталының 29% үлесін иемденуге рейдерлік әрекет жасауға тырысқан деп те сотталды.
2023 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық музейдің директоры болып тұрған тұста "бюджеттен бөлінген 221 млн теңгені жымқырды" деген айыппен 8 жылға сотталған еді. Ол өзіне тағылған айыптармен келіспей, "жұмысым бір адамдарға ұнамай, солар соттатып жатыр" деген. Биыл 13 ақпанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мұхамедиұлын "аса ірі көлемде пара беруге оқталғаны үшін" кінәлі деп танып, оның жаза мерзіміне тағы үш жыл қосып, түпкілікті 11 жылға бас бостандығынан айырған.
Бұл іс бойынша Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова "Парақорлыққа делдал болу" бабы бойынша алты айға сотталды. Оларға өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Ал экс-министрдің адвокаты Мұстахим Төлеев "аса ірі көлемде алаяқтық жасады" деп айыпталып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сот оған 10 жылға адвокаттық қызметпен айналысуына тыйым салды.
Жемқорлыққа қарсы комитет "Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету үшін адвокаты күдіктінің әйелінен 460 мың доллар алған" деп мәлімдеген.
Арыстанбек Мұхамедиұлы елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрғанда 2014-2019 жылдары мәдениет және спорт министрі болған. Оған дейін ол Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясын басқарды.
Мұхамедиұлы министр кезінде кино, музей, театр, спорт саласында түрлі даулар болған. 2016 жылы Жүргенов академиясында оқыған студенттердің бірі Мұхамедиұлы "жыныстық бопсалау жасады" деп айыптаған еді. Ал Мұхамедиұлы бұл айыпты жала деген.