22 ақпанда Үндістанның Мумбай әуежайында қазақстандық Fly Arystan әуе компаниясының Алматыға бағыт алған ұшағы үндістандық Air India ұшағымен соқтығыса жаздаған.
Үндістандық басылымдардың жазуынша, Fly Arystan ұшу жолағын шатастырып алып, ұшуға бет алған Air India ұшағының жолағына шығып кеткен. Air India ұшағы уақтылы тоқтап үлгерген. Осы оқиғаға байланысты Мумбай әуежайына қонуға келе жатқан үндістандық IndiGo әуе компаниясының рейсі әуеде екінші айналымға кетіп, кейін қонған. Ал Мумбайдан Дохаға шыққан Air India ұшағы бір сағатқа кешігіп ұшқан.
Үндістандық The Hindu сайты Мумбай әуежайы осы оқиғаға байланысты тексеріс бастағанын жазды. Үндістан басылымдары Мумбай әуежайында үлкен апат бола жаздады деп жазып жатыр.
Fly Arystan баспасөз қызметі оқиға болғанынан хабардар екенін мәлімдеді.
"Fly Arystan компаниясының Мумбай – Алматы бағытындағы KC7858 ұшағымен болған жағдайдан хабардармыз. Әуе компаниясы Чатрапати Шиваджи атындағы халықаралық әуежайымен бірге жағдайға не себеп болғанын анықтау үшін жұмыс істеп жатыр" деді баспасөз қызметі қазақстандық басылымдарға.