Бүгін, 7 наурызда Ақтөбе облысындағы Қандыағаш қаласы мен Кеңқияқ кентінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының акционерлері дивиденд даулап, наразылық жиынын өткізді. Қандыағаштағы жиынға отыз адам қатысқан. Кеңқияқ кентінде де отыз шақты адам жиналып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ел үкіметіне видео үндеу жолдаған.
Жиналғандардың бәрі кезінде «Ақтөбемұнайгазда» қарапайым жұмысшы болып еңбек еткен. Қазір 100-150 мың зейнетақы алады. Акцияларының да саны аса көп емес, әрі кетсе 100-150-ден аспайды. Наразылар бұрын артықшылығы бар әр акция үшін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан 15-20 мың теңгеден дивиденд алған. Былтырдан бері бір акция бағасы - 75 теңге.
Қандыағаштағы наразылық жиынына қатысушы Айгүл Шамырханованың жолдасы осыдан бес жыл бұрын рактан қайтыс болған. Мұнайшының жесірі «еңбегі еш болды» деп налиды.
-Бізді мазақ қылғандай 75 теңгеден беріп жатыр. «Ақтөбемұнайгаз» өте табысты компания бола тұра дивидендті жылдан жылға азайып келе жатыр. Бұлай болмайды! Халықпен санасу керек! Осы жердегі кісілердің бәрі денсаулықтарын құртты. Бәрінің де «Ақтөбемұнайгазға» еңбегі сіңді. Он бес күннен үй көрмей жұмыс істеді. Жарты өмірлері сонда өтті. Сол еңбекке жылына бір рет 75 теңгеден беру деген масқара емес пе? - дейді Айгүл Шамырханова.
Мұнайшының қызы Нәзипа Қосыбаева «Қырық жылдан астам еңбек еткен әкем дивиденд қызығын көре алмай кетті. Енді ол бізге, бала-шағасына да бұйырмайын деп тұр. Бұл дауға президент Тоқаев мырза араласып, қытай инвесторларымен келіссөз жүргізуін сұраймыз» дейді.
Кеңқияқтағы наразылыққа қатысушылар да Қазақстан президенті Тоқаевтан көмек сұраған. Наразылық жиынында сөйлегендер жұмыссыздық, экология мәселелерін көтерген.
1993 жылы «Ақтөбемұнайгаз» компаниясы акциясының он пайызын еңбеккерлеріне бөліп беріп, жыл сайын дивиденд төлеп отыруға уәде етеді. Дивиденд қызметкердің еңбек өтілі мен атқарған қызметіне қарай әртүрлі берілген. Араға төрт жыл салып, 1997 жылы компания Қытай билігіне тиесілі «СНПС» корпорациясының қарауына өтеді. 2023 жылы мамырда қытайлық инвестор «СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» акционерлерін жинап, жұмысшыларға төленетін дивиденд мөлшерін азайтамыз деп шешім қабылдайды. Сөйтіп бір акция бұрын 15-20 мың теңге болса, жиыннан соң акция құны 200 есе азайтып, 75 теңге болады. Мәселен, бұрын 20 акциясы бар қызметкерге мұнай компаниясы жылына бер рет 300 мың теңге берсе, қазір тап сонша акция үшін 1500 теңге төлей бастаған.
7 наурызда Қандыағаштағы наразылық жиыны кезінде полиция қызметкері келіп, дивиденд даулаушылардың талабын сұрады. Құзырлы органдарға хабарласуға кеңес берді. Мұнайшылар 2023 жылдан бері құзырлы органдарға бірнеше рет жүгінген. «Дивидендті заңсыз азайтты» деп «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» әкімшілігін сотқа да берген. Биыл ақпандағы қаулыға қарағанда, Ақтөбе соты қытай инвесторының әрекетінен заңсыздық таппаған. Экс-мұнайшылар сот қаулысымен келіспейді, апелляция алқасына шағым жазбақшы.
Бұл - дивиденд даулаушылар өткізген алғашқы наразылық емес. Осындай жиын өткен жексенбіде Ақтөбеде де өтті. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының елу шақты акционері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Дивиденд дауының көтерілгеніне бір жылдан асып барады. Бірақ осы кезге дейін бұл дауға билік тарапынан ешқандай реакция болмады. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы да 2023 жылдан бері акция құнының арзандау себебін түсіндірмей отыр. 4 наурыз күні Азаттық компанияға ресми хат жолдаған. Оған әлі жауап келмеді.