Журналистер одағы Бишімбаев сотына тілшілер кіре алмағанына байланысты мәлімдеме жасады

БАҚ өкілдері монитор алдында соттан хабар таратып отыр. Астана, 11 наурыз, 2024 жыл.

Қазақстан Журналистер одағының (ҚЖО) Астана қаласындағы филиалы бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысты мәлімдеме жасады. ҚЖО процестен фото-видео түсіру үшін БАҚ өкілдерін сот залына кіргізуді талап етті. Журналистер одағы БАҚ өкілдерін сот залына кіргізбеуді олардың заңды қызметіне кедергі келтіру деп санайды. ҚЖО филиалының мәлімдемесін дүйсенбі кешке ҚазТАГ агенттігі жариялады.

11 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталған. Соттан хабар таратуға барған журналистер процесті басқа қабаттағы баспасөз бөлмесінде тұрған монитордан бақылауға мәжбүр болды. Прокурор айыптау актісін оқып жатқанда видео бір рет үзіліп қалды.

"11 наурызда Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылған Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі басталды. Ашық түрде өтеді деген осы процесте журналистер кедергіге тап болды. БАҚ қызметкерлеріне сот залынан фото-видео түсіруге мүмкіндік бермеді, соған байланысты қазір фоторепортаждар мен сюжет дайындау процесі, сондай-ақ мәтін түріндегі материалдарға қажет суреттер алу қиындады", – делінген ҚЖО-ның Астанадағы филиалы таратқан мәлімдемеде.

Журналистер одағы сотқа барған тілшілерге екі залда тұруды және процесті қашықтан бақылау ұсынғанын айтты.

"Сурет пен дыбыс сапасына әсер ететін техникалық ақаулар болуы мүмкін екенін ескерсек, мұндай тәсіл сот процесін ашық өткізу принципіне қайшы келеді. Сонымен қатар журналистер іс қаралатын сот залы тар деген соң процесті басқа жақтан бақылауға келісіп, фото-видео түсіру үшін бірнеше БАҚ өкілін шектеулі уақытқа сотқа кіргізуді сұраған, бірақ оған рұқсат бермеді. Бұл – "ашық процестегі" журналистердің заңды қызметіне кедергі келтіру", – дейді одақтың Астанадағы филиалы.

ҚЖО филиалы журналистерді сот процесінен фото-видео түсіруге "шектеулі уақытқа да" кіргізбей қою істің объективті қаралып жатқанына күмән келтіреді деп есептейді.

Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің "Қинау" және "Аса қатігездікпен адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылған. Экс-министр оны мойындамады. Бишімбаевтың адвокаттары ол Нүкенованы "аса қатыгездікпен өлтірмегенін" алға тартты.

Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген айыппен сотқа тартылып жатыр.

Дүйсенбіде сот залына марқұм Нүкенованың жақындары да кіре алмады. Тек жәбірленуші деп танылған оның ағасы Айтбек Амангелді процеске қатысты. Бұл іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 12 наурызда жалғаспақ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Салтанат Нүкенованың ісі: прокурор айыптау актісін оқыды, Бишімбаев айыпты мойындамады