13 наурыз күні Ақтөбе облысында жол апатынан мерт болған сегіз адамды туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Оның төртеуі бала. Марқұмдардың жаназасы Ақтөбе облысының Темір, Мұғалжар аудандарында өткен.
- Темір ауданының Саркөл ауылындағы бір үйден төрт сүйек шықты. Апатқа ұшыраған көлікте 46 жастағы ауылдасымыз Қайрат пен оның 44 жастағы қарындасы Бақытгүл болған. Екеуі жолға ұлдарын Назар мен Арсенді де ала шыққан екен. Бүгін бүкіл ауыл болып, төртеуін ақтық сапарға аттандырдық. Тағы бір ауылдасымыз Күләш апайды екі немересімен бірге туыстары бүгін ата қонысы Мұғалжар ауданындағы Ақкемер ауылында жерледі, - дейді Саркөл ауылының әкімі Мәди Сүйіншалин.
Апатқа ұшырағаннан кейін өртеніп кеткен LADA Largus автокөлігінің жүргізушісі Саркөлмен іргелес Кеңқияқ ауылының тұрғыны. Оны да туыстары бүгін ақтық сапарға аттандырған.
Жол апатынан мерт болған сегіз адамның сүйегі туыстарына сейсенбі 12 наурыз күні берілген. Ақтөбе полициясы күйіп қалған мүрделерді молекулярлық-генетикалық сараптамасыз анықтау мүмкін болмағанын айтады. Сараптама бір аптаға созылған. Қылмыстық іс бойынша тағайындалған өзге сараптамалардың нәтижесі әлі шықпаған.
6 наурыз күні Ақтөбе-Астрахань тас жолының 120-шы шақырымында жол апаты болып, сегіз адам қаза тапқан. Оның төртеуі – бала.
Полицияның мәліметінше, Кеңқияқ кентінен облыс орталығы Ақтөбеге қарай шыққан LADA Largus таңғы сегіз жарым шамасында тас жолда Toyota Hilux автокөлігімен соқтығысқан. Соққыдан кейін бірден өрт шығып, салондағы сегіз адам күйіп қалған. Қаза тапқандардың бәрі LADA Largus маркалы көлігінде отырған. Toyota Hilux автокөлігіндегі ерлі-зайыптылар мен осы отбасының 14 жастағы ұлы аман. Қазір олар Ақтөбе қаласындағы ауруханада.
Жол апаты 6 наурыз күні Мұғалжар ауданына қарасты Сағашилі ауылының тұсында болған. Оқиға куәгерлері сол күні тас жолдың бойын қалың тұман басқанын айтады.