Еуропарламент әлемде бірінші болып жасанды интеллектіні пайдадануды реттейтін заңды қабылдады. Ол жасанды интеллектіге негізделген жүйелерді тәуекелі төмен, орташа, жоғары және мүлде қабылдауға келмейтін жүйе деп жіктейді. Бұл жөнінде Еуропарламент сайтында жазылған.
Жаңа заң аясында қоғамдық орындарда адамдардың бет-жүзін танитын жүйелерді пайдалануға тыйым салады. Тек жекелеген жағдайларда ғана құқық қорғау органдары сондай технологияларды пайдалана алады. Мәселе адамдардың жоғалуы немесе терактінің алдын алу сияқты жайттар жөнінде болып отыр. Мұндай жағдайларда жасанды интеллект жүйесін пайдалану үшін сот немесе әкімшілік рұқсаты керек.
Заң сонымен бірге жұмыс орындары мен мектептерде адамдардың эмоциясы тануға, сонымен бірге адамның жүріс-тұрысына манипуляция жасайтын технологияны пайдалануға тыйым салады.
Жасанды интеллект жүйесінің көмегімен өңделген суреттер немесе видеоларға тиісті маркировка беріледі.
Енді заңды Еуропа кеңесі мақұлдауға тиіс. Құжат мамырдың соңында күшіне енеді.