Ресейдің Алматыдағы бас консулдығына шамамен 1,5 мың адам дауыс беру үшін келді

Дауыс беруге келген Ресей азаматтары консулдық маңында тұр. Алматы, 17 наурыз 2024 жыл.

Бүгін, 17 наурызда Ресейде президент сайлауының үшінші күні. Қазақстанда сайлау учаскелері ашылды. Ресей азаматтары бұл елдің Астанадағы елшілігіндегі консул бөлімінде, Алматыдағы бас консулдық пен Өскемен және Оралдағы консул бөлімшелерінде дауыс беріп жатыр.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматыда Жандосов көшесіндегі консулдыққа түске дейін шамамен 1.5 мың адам келген. Жұрт аяғы әлі басылмады.

Көшеде ұзын-cонар кезек қалыптасты. Сайлау учаскесіне екі жерден кіргізіп жатыр.

Бұған дейін Ресей оппозициясы "Путинге қарсы талтүс" акциясын жариялаған. Бұл уақытта билікке қарсы электорат сайлау учаскелеріне келіп, жақтастарымен кездесуге тиіс. Алматыда консулдық маңына жиналғандар талтүсті шағын қол шапалақтаумен қарсы алды.

Сайлау учаскесінің сыртында экзит-пол істеп тұр, айналада полиция жүр.

Дауыс беруге келген Ресей азаматтары консулдық маңында тұр. Алматы, 17 наурыз 2024 жыл.

Азаттық сөйлескен ресейліктердің басым бөлігі Кремль Украинаға соғыс жариялағаннан кейін немесе 2022 жылғы қыркүйектегі мобилизациядан соң Қазақстанға келгенін айтты. Сол кезде Қазақстанға шамамен 400 мың ресейлік кіргені хабарланған еді. Басым бөлігі кейін үшінші елге кеткен.

Тәуелсіз бақылаушылар мен сарапшылар сайлауды еркін емес әрі бәсеке жоқ деп бағалаған. Сайлауға бірде-бір оппозиция кандидаты жіберілген жоқ.

Ескерту

Ресей билігі Азат Еуропа/Азаттық радиосын "жағымсыз ұйымдар" қатарына қосқандықтан, Ресейде тұратын азаматтар Азаттыққа сұхбат берген жағдайда сол елде жауапқа тартылуы мүмкін. Сондықтан Азаттық сұхбат берушілердің аты-жөнін жарияламайды және олардың бет-жүзін ашық көрсетпейді. Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Стивен Капус Ресей билігінің бұл шешімін журналистиканы тұншықтыру деп санайды.