Солтүстік Корея 18 наурыз таңертең Жапон теңізіне қарай бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды. Бұл туралы Reuters агенттігі Оңтүстік Корея әскерінің ақпаратына сүйеніп хабарлады.
Зымырандар АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Оңтүстік Кореяға келген күні ұшырылды. Ол Сеулде өтетін үшінші демократия саммитіне қатысады. АҚШ мемлекеттік департаменті Пхеньян әрекетін айыптады.
Жапония премьер-министрі Фумио Кисида Солтүстік Кореяның "қайта және өте жиі" зымыран ұшыратынын сынға алды.
Өткен аптада АҚШ пен Оңтүстік Корея бірлескен ірі әскери жаттығуын аяқтады. Бұған Солтүстік Корея тарапы реакция танытып, жаттығу өткізген. Пхеньян Вашингтон мен Сеул әрекетін басқыншылыққа дайындық ретінде қарастырады. Ал Оңтүстік Корея мұны қорғаныс мақсаты үшін деп айтады.
Бұған дейін Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын бірнеше күнде үш әскери жаттығуға қатысты. Солтүстік Корея баспасөзінің жазуынша, ол танк бөлімшелерінің жаттығуында жаңа үлгідегі танкті өзі басқарып, кейін танк жүргізушілерін "рухты көтеруге" және "соғысқа дайындалуға" шақырған.
Ким Чен Ын мен Солтүстік Корея үкіметі Оңтүстік Кореямен соғыс басталуы мүмкін екенін үнемі айтып, сес көрсетіп отырады. Ким былтыр жыл соңында соғысқа дайындалуға үндеген. Ол Оңтүстік Кореямен бірігу мүмкін еместігін, себебі Сеул "өзіне қосу арқылы бірігу саясатын таңдады", ал "бұл бір ұлт, бір мемлекет және екі жүйесіне қайшы" деп мәлімдеген.