"Заңсыз жиынға қатысты" деп 20 тәулікке қамалған белсенді Абзал Достияровтың әйелі Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шонжы ауылындағы уақытша ұстау изоляторында әкімшілік қамауда отырғандарға қысым жасалғанын айтады. Ол мұны "қамау мерзімін ұзарту мақсатында жасалған арандату әрекеті" деп бағалады.
"Абзал Достияров пен екі азаматтың камерасына сырттан бейтаныс адамды кіргізіп, төбелеске арандататын іс-әрекеттер жасатқан. Ол адамды жазалау орнына, жай ғана басқа камераға ауыстырған" деп жазды белсендінің әйелі Дана Сәрсенбай Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, 17 наурызда босап шықпақ болған Досжан есімді азаматты осы адамның іс-әрекетіне байланысты тағы жеті тәулікке қамап қойған. Дана Сәрсенбайдың жазуынша, Бауыржан Атынбаев есімді азамат өзіне жасалған арандату әрекетінен соң қолын бес жерінен тілген.
"Астанадан адамдар келіп, айғай-шу болған. Бұл тікелей жоғарыдан келген тапсырма екені анық!" деп жазды Сәрсенбай. Ол күйеуіне "ешкім жете алмасын деп Шонжыға апарып тастады" дейді.
Абзал Достияровтың адвокаты Төлеген Берліқожанов Азаттыққа оның қорғауындағы азамат Шонжыдағы уақытша ұстау изоляторында отырғанын растады.
Азаттық бұл жайтқа түсініктеме алу үшін Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкіліне жүгінді. Жаңалық шыққанға дейін жауап түспеді.
Белсенді Абзал Достияровты 1 наурызда полиция күштеп әкетіп, қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты өткен күні "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы 11-бөлігі) деп айып тақты. Қонаев қаласының соты (бұрынғы Қапшағай) оны 20 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Белсенді сот шешіміне келіспеді, ол "сотқа хабар таратуға барғанын, ешқандай жиынға қатыспағанын" айтты.
Сот 22 ақпанда Қонаев қаласындағы сот ғимараты алдындағы тікелей эфирді рұқсат етілмеген митинг деп тапқан. Достияров сол күні журналист Думан Мұхаммедкәрімнің Қонаевта жабық өтіп жатқан сотына барып, сот ғимараты алдында тікелей эфирге шыққан.
Достияровтың әйелі белсенді 21 наурызда босап шығуға тиіс дейді.
Your browser doesn’t support HTML5