Министр экс-президенттің немере інісі Самат Әбіш пробациялық бақылауда екенін растады. Астана соты хабарлама таратты

Самат Әбіш

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов экс-президенттің немере інісі Самат Әбішке шыққан сот үкіміне түсініктеме берді.

Бұған дейін дереккөзге сүйенген ДАТ басылымы ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш 8 жыл шартты жаза алғанын хабарлаған.

20 наурызда журналистердің сұрақтарына жауап берген Сәденов Самат Әбіш пробациялық бақылауда екенін растады.

"Үкім туралы сұрақтарды судьяларға қойыңыз. Бұл азамат қазір пробациялық бақылауда. Оның басқа жаққа шығуға құқығы жоқ және тіркелген жерінде тұруға тиіс" деді министр.

ДАТ басылымының жазуынша, Самат Әбішке сот үкімі 26 ақпанда шыққан. Бұған дейін оның "Билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша күдікке ілінгені хабарланған еді. "Оның генерал атағы мен мемлекеттік марапаттары алынды. Бірақ меншік-мүлкіне конфискация жасалмады" деп жазған.

Ақпаратқа қарағанда, қылмыстық істе мемлекеттік құпия болғандықтан сот жабық өткен. 15 қаңтарда "Самат Әбіш ісі" бойынша тергеу аяқталғаны хабарланған еді.

Астана қалалық сотының баспасөз қызметі 20 наурызда Азаттыққа Самат Әбішке үкім шыққанын растады. Алайда құпия іс екенін алға тартып, қай күні үкім шыққанын айтпады. Сот таратқан хабарламада Самат Әбіш "сотта кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінгені" жазылған. Сот оның "жас балаларының болуын және оның шын жүректен өкінуін" ескеріп, жазасын жеңілдеткен. Самат Әбіш 10 жылға белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан да айырылған.

  • Самат Әбіш Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылған. 2022 жылы маусымда журналистер сұрағына жауап берген бас прокуратура өкілі "Самат Әбіш әлдебір іс бойынша тергеу аясында" екенін меңзеген. Былтыр шілденің соңында Самат Әбіштен "Кәрім Мәсімов пен оның айналасындағы өзге де лауазымды тұлғалар ісі" бойынша жауап алынғаны туралы хабар тараған. Ол кезде ведомство Самат Әбіштің тек қана "куәгер" екенін алға тартып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын мәлімдеген.
  • 2023 жылы қыркүйекте Самат Әбіш Қылмыстық кодекстің "Лауазымын асыра пайдалану" бабы бойынша күдікті атанғаны белгілі болды.
  • 45 жастағы Самат Әбіш – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. Ол 2000 жылы ҰҚК академиясын, 2002 жылы Ресей сыртқы барлау қызметінің академиясын бітірген. Әйелі, үш қызы бар.
  • 2006-2010 жылдары әділет министрлігі тіркеу комитетінің орынбасары, төрағасы, жауапты хатшысы болған. 2013-2015 жылдары ҰҚК төрағасының орынбасары болды, 2015-2022 жылдары ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған. Ол 36 жасында ҰҚК генерал-майоры, 2017 жылы ҰҚК генерал-лейтенанты шенін алған.
  • 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасынан кейін Самат Әбіштің тікелей басшысы, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды. 2023 жылы сәуірде Астанадағы сот оны "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "қызмет лауазымын асыра пайдаланды" деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырды.
  • Назарбаевтың тағы бір немере інісі Қайрат Сатыбалды 2022 жылы наурызда ұсталып, "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінді. 2022 жылы қыркүйекте сот оны алты жылға бас бостандығынан айырды.
  • Әбіш сол кезде Сатыбалды сотына онлайн қосылып, Қаңтар оқиғасынан кейін алғаш рет жұрт көзіне көрінген.