Жазушы Медеу Сәрсеке өмірден өтті

Kazakhstan - writer Medeu Sarseke

Жазушы, журналист, драматург Медеу Сәрсеке 88 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Қазақ әдебиетінде ғылыми-қиял ғажайып жанрдың дамуына үлес қосқан жазушы "Жетінші толқын", "Көрінбестің көлеңкесі", "Ғажайып сәуле" ғылыми фантастикалық шығармалардың авторы. Қаламгер "Жаңғырық", "Көмбе" романдарын жазды. Академик Қаныш Сәтбаев туралы "Сәтбаев", "Планета Сатпаева", "Через тернии" кітаптарын жарыққа шығарды.

Жазушының көптеген мақалалары мен әңгімелері республикалық басылымдар мен журналдарда жарияланды. "Лениншіл жас" газетінде (қазіргі - "Жас Алаш") 1958-59 жылдарда әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болған.

Ақорданың хабарлауынша, Медеу Сәрсекенің қазасына байланысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты.

"Медеу Сапаұлы кемеңгер жазушы ретінде талғамы жоғары оқырманның ықыласына бөленді. Қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының сүрлеуін салған қаламгер ғылымның мүмкіндігін өрнекті сөзбен кестелеп жеткізе білді. Соңына бай рухани және әдеби мұра қалдырған Медеу Сапаұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын" деп жазылған президенттің жеделхатында.